Ішкі істер министрлігі Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайға қатысты қылмыстық істі өз бақылауына алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрекет етпеуі мүмкін деген уәждерге байланысты қызметтік тексеру басталған.
«Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген пікірлер мен уәждер бойынша қызметтік тексеру тағайындалды», – делінген Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынған.
«Ең тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ІІМ.
Тергеу барысында бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар тексеріліп, талданып жатыр.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 2025 жылдың қазан айында күдікті Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашқан. Бұл әрекетке қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Кейін отбасы полицияға арызданғанымен, күдікті енді маңына жоламайтынына уәде берген соң, Нұрай кешірім жасаған. Алайда жігіт кейін де қыр соңынан қалмаған.
Жақындарының сөзінше, осыдан кейін олар полиция мен прокуратураға бірнеше рет арызданған, бірақ құзырлы органдар тарапынан нақты әрекет болмаған.