Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында болған ерекше жағдай қоғам назарын аудартты. Орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына лайк баспағаны үшін қызметкерлерге ескерту берілген. Тіпті бірінің жағдайы нашарлап, жедел-жәрдем шақыруға тура келді. Juzmedia мәселені анықтап көруге тырысты.
Мәселенің мән-жайы
Жастар ресурстық орталығындағы жағдай туралы алғаш рет шымкенттік журналист Азат Дидарбектің парақшасына жарияланды. Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне парақшадағы әрбір жазба үшін лүпіл басуға міндеттеген. Ал лайк баспаған қызметкерлерін қудалап, қысым жасап, ескерту беруге дейін барған.
Желіде жариялаған құжаттарға сүйенсек, психологиялық көмек, күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы Шынтореева және осы бөлімнің маманы Ұлдана Тәжібайға ескерту берілген. Бұйрық 10 сәуір күні жазылған және орталық басшысы Марат Спатаевтың қолы қойылған. Осыдан кейін Айгүл Шынтөрееваның қан қысымы көтеріліп, жедел-жәрдем шақыруға тура келген.
«Лайк баспағандардың тізімін басшыға беріп отырады»
Редакция тілшісі ескерту алған Айгүл Шынтөреевамен сөйлесті. Оның сөзінше, лүпіл басқан қызметкерлерді есепке алу орталықтағы қалыпты «дәстүр» екен.
«Бұл лайк дерті келгелі біраз болды. Лайк баспаған қызметкерлерге БАҚ бөлімі анализ жасап, баспаған қызметкерлер тізімін басшылыққа береді. Басшылық талап етеді», - дейді ол.
Әр жиналыста «лайк баспаған» қызметкерлерге ауызша ескерту айтылып жүреді екен.
Ол сөзі рас деуге болады. Желіде жариялаған құжаттардың бірінде «лайк баспаған» қызметкерлердің аты-жөні және лайк басуы керек болған тақырыптар жазылған. Ол тізім 8 сәуірде жасалған. Арасында Психологиялық көмек, күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің маманы Ұлдана Тәжібайдың есімі бар. Ол үш жазбаға лайк баспаған.
Осыдан кейін бөлім басшысы Шынтөреева мен қызметкер Тәжібайға ескерту беріледі. Бірақ құжатпен мен таныспадым дейді Айгүл Шынтөреева. Ол келіспейтінін айтып орталық басшылығына барады. Өзінің сөзінше, осыдан кейін үлкен дау шыққан, басшылықтан қысым басталған. Орталық басшысының орынбасармен арада жанжал болып, аяғы ауыр Айгүлдің жағдайы нашарлайды. Сол үшін жедел-жәрдем шақырған. Ол e-gov арқылы арыз түскенін оны басшылықтың жоққа шығарғанын айтады.
«Лайк басу дегенге қарсы емеспін. Әріптестерімнің еңбегіне лүпіл басу еш қиын емес. Бірақ лайк баспай қалды екен деп 18-ден асқан маманға тәртіптік жаза беруге келіспеймін», - деді ол Juzmedia тілшісіне.
Қазір Айгүл Шынтөреева денсаулығына байланысты демалысқа шыққан. Қызметкерлер сол мекемеде жұмыс істеп жүр. Сөзінше, бұған дейін де мекемеде еңбек дауы болған.
«Ащы да болса бар шындық осы. Енді жұмыс істеу қиындайды. Бұған дейін басшыға арыз жазған едік. Келісімге келіп, жақсы жұмыс істеп кетеміз деген үміт болды. Бірақ әр жиналыста орайы келсе «арыз жазғансыңдар» деп кімнің қол қойғанын айтып, бетімізге басып отырады. Өз жұмысымды жақсы көремін, бірақ қазіргі басшылықта арыздан көз ашпай кеттік», - дейді ол.
Осы мәселе туралы анықтау үшін Шымкент Жастар Ресурстық орталығына тікелей хабарластық. Алдымен телефонды мекеме қызметкері алып, түскі үзілістен кейін хабарласуын өтініп, бұл мәселеге басшылық жауап беретінін айтты. Бірақ үзілістен кейін хабарласқанда телефонға ешкім жауап бермеді.
Енді Juzmedia Жастар Ресурстық орталығына egov арқылы сауал жібереді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.