AY YOLA тобының «Homay» композициясы әлеуметтік желілерде үлкен танымалдылыққа ие болды. Бір апта ішінде миллиондаған тыңдалым мен қаралым жинап, Қазақстандағы тыңдармандардың да жүрегін жаулады. Juzmedia «Балбал тас» айдарында «Homay» әнінің шығу тарихын зерттеді.
AY YOLA ТОБЫНЫҢ МАҚСАТЫ
2025 жылы құрылған AY YOLA тобында үш музыкант бар: Ринат Рамазанов, Руслан және Адель Шайхитдиновтар. Олар өздерінің шығармашылығын қазіргі заманғы музыкалық стильдермен үйлестіріп, ежелгі аңыздарды жаңа форматта, қуатты электронды ритмдер мен башқұрт аспаптарының әуендерімен үйлестіріп ұсынады. Топ мүшелері өздерінің шығармашылығын ерекше шоу ретінде сипаттайды.
«Біз ата-бабаларымыздың дәстүрін қазіргі музыкалық стильдермен біріктіріп, ежелгі әңгімелер қайта жанданып, жаңа форматта баяндалатын ерекше шоу жасаймыз. Әрбір ән – ұлы аңыздың бір тарауы, жаңаша формада ұсынылған. Біз тек музыкалық альбомды емес, әлемнің ең жұмбақ әрі көне эпостарынан шабыт алған, біртұтас шоу-музыка ұсынамыз», - дейді жоба вторлары баспасөзге берген сұқбатында.
ЖОБА ЕРЕКШЕЛІГІ
Топтың барлық композициясы башқұрт тілінде орындалған және барлығы «Орал-Батыр» атты бір альбомға кіреді. Бірақ әндер бірден емес, белгілі бір аралықпен, кезектестіре жарияланып отырады. Алғашқы трек 21 ақпанда шықты және «Batyr» (башқұрт тілінде «Батыр») деп аталады. Ән уақыттың өтіп, дәуірлер мен аңыздарды ала кететіні, бірақ кейбір нәрселердің өзгермейтінін айқындайды. Халық бар кезде сенетін, сүйетін, қорғайтын батырлардың бар екендігі туралы айтылады. Ән тыңдармандар тарапынан жақсы қабылданды, бірақ топқа танымалдық әкелген ән – «Homay». Бұл әнде Башқұрт фольклорындағы әйгілі кейіпкер Һомайдың тарихы баяндалады.
ҺОМАЙДЫҢ БЕЙНЕСІ МЕН СИМВОЛИКАСЫ
Һомай – «Орал-батыр» эпосындағы негізгі кейіпкер, аққу-қыз Самрау мен Күннің (Ҡояш) қызы. Ол мәңгілік өмір сыйлайтын тіршілік суының қайда екенін білетін және оны іздеген Оралға жол көрсеткен. Сонымен қатар Һомай оған перілермен күресуі үшін алмас қылыш пен тұлпар Ақбозатты табыстаған. Ән мәтінінде бұл:
«Ақбозат пен алмас қылышты
Сақтаған да тек Һомай.
Құдыққа барар жолды («йән» – жан, өмір және «шишмә» - су, құдық)
Білгенде тек Һомай», - деп келеді (ред. – еркін аударма).
Орал қаза тапқаннан кейін, Һомай адам кейпіне оралудан бас тартып, мәңгілікке аққу болып қалады. Башқұрт фольклорында Һомай – нұрдың, даналықтың және адалдықтың символы болып саналған.
ҺОМАЙ МЕН ҰМАЙ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС
С. М. Абрамзонның гипотезасына сәйкес, ертегілік құс Һомай түркі халықтарының ежелгі әйел тәңірі Ұмайдың бейнесімен терең байланысы бар.
Өйткені екеуі де түркі халықтарында отбасын желеп-жебеуші, береке-молшылық тәңірі атанған.
Ұмай – ежелгі түркілерде жер мен ұрпақтың қамқоршысы саналған. Ол түркілердің басты тәңірі Көк Тәңірімен қатар құрметтелген. Алайда исламның дендеп енуімен Ұмай есімінің мәні солғын тарқан.
Сондай-ақ «Ұмай» ұғымы ұазақ мифологиясында ана мен бала, отбасы мен ұрпақтың қорғаушысы ретінде белгілі.
Орхон-Енисей жазбаларында, Күлтегін ескерткішінде «Ұмай текті ұрпақ» деп келетін жолдар бар.
Ал башқұрт мифологиясында Һомай – көк тәңірі Самрау мен Күннің қызы, аққу-қыз бейнесіндегі мифологиялық кейіпкер.
"Орал-батыр" эпосында ол Оралға көмектесіп, оған Ақбозат тұлпары мен алмас қылышты береді.
Һомайдың аққуға айналуы оның тазалық пен рухани кемелдігін көрсетеді.
Башқұрт халық нанымдарында сәби мен отбасын қорғаушы ретінде де сипатталады.
ОРТАҚ ҰҚСАСТЫҚ
Екі туысқан халықтың аңыздарында екеуі де әйел-тәңірі, қамқоршы, жебеуші рух ретінде бейнеленеді.
Күн, жылу, ұрпақ жалғастығы мен аналық қорғаушы бейнесі ортақ сипатқа ие.
Сонымен қатар ежелгі түркі дәстүріндегі Тәңірлік наным-сенімдермен байланысы бар. Қазақ және башқұрт фольклорында рухани тазалық пен әділдіктің символы ретінде көрініс табады.
Башқұрттың Һомайы мен қазақтың Ұмайы түпкі түркілік нанымдардан бастау алады. Ұмай – жалпы түркі халықтарына ортақ бейне болса, ал Һомай башқұрт мифологиясында дамып, жеке эпикалық кейіпкерге айналған. Бірақ олардың Күнмен, ана мен қорғаушы рух ретінде байланысы олардың түп-тамыры ортақ екенін көрсетеді.
AY YOLA тобының шығармашылығында бұл құндылықтар жаңаша формада, заманауи музыкалық ритмдермен ұсынылған.
Ая ӨМІРТАЙ
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.