homepage
Видеодан кадр / Juzmedia.kz

"Қазақ жігіттері аю биін билеген" - Илья Жақанов қазақта би болмаған дейтіндерге қарсы уәж айтты

26.03.2025, 19:56

Қазақ биінің тарихына қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Бірі «қазақта би болмаған» десе, енді бірі оның терең дәстүрі бар екенін алға тартады. Juzmedia-ға берген эксклюзивті сұхбатында көрнекті композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов бұл пікірге қарсы шығып, қазақ жігіттерінің биінің табиғатпен байланысын атап өтті.

«Қазақтың жігіттері аю болып билеген. Өйткені ол – табиғаттың болмысы, жаратылысы. Қазақ табиғатпен етене жақын болған. Алтайдағы қазақтар аю биін билеген. 1993 жылы көзіммен көрдім: Алтайда қыз-келіншектер қарақат теріп тұрғанда, бір аю келіп, оларды танитын адамындай алдыңғы аяғымен ысырып, өтіп кетті. Сол тұрғындар „Кейде табиғат аясында сол аюлардың биін көреміз“ деп айтқан еді. Біздің жігіттер аюмен күресіп, аюша билеген екен. Оларда „Жорға аю“ деген күй бар, қазақтың жігіттері осының бәрін сол би арқылы көрсеткен. Сондықтан „қазақта би жоқ“ деу – қазақтың жалпы табиғатын білмейтін адамдардың пікірі, жаңсақ пікір», – деді Илья Жақанов.

Илья Жақановтың пікірінше, қазақ жігіттерінің биі – табиғатпен, оның ішінде жануарлармен байланысқан, терең этнографиялық мәні бар өнер түрі. Қазақ жігіттері би арқылы өздерінің табиғатпен бірлігін көрсеткен, әсіресе «Жорға аю» күйі мен аю биі сияқты элементтер қазақ мәдениетінің бір бөлшегі болған. Кеңестік кезеңде би өнері ұлттық дәстүрден алыстап, өзгеше интерпретацияларға ұшыраған. Бұл сұхбат арқылы Жақанов қазақ биінің бай тарихын қайта жаңғыртуды мақсат етеді.

Толық сұхбатты Juzmedia-ның YouTube арнасынан көре аласыз!

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.