homepage
Колллаж: JuzMedia

«1916 жылғы қасіреттің жыры»: әйгілі «Самалтау» әнінің тарихы

01.03.2025, 10:40

«Самалтау» – қазақтың әйгілі халық әндерінің бірі. Бұл ән XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында шыққан деп айтылады. Алайда әннің шығу тарихы нақты бір деректермен расталмаса да, зерттеушілер бірнеше нұсқаны алға тартады.

ӘННІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

«Самалтау» әні көбіне Арқа әншілік дәстүрінде орындалады. Әуені кең тынысты, ерекше сыршыл. Әнді алғаш орындаған адамның есімі ұмытылғанымен, ол халық арасында кең таралып, классикалық халық әніне айналған.

Әннің мәтіні туған жерге деген сағыныш пен мұңды бейнелейді. Әннің алғашқы шумағы:

«Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім.

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім», - деп келеді.

Бұл шумақтан туған жерге деген ыстық сүйіспеншілік пен қиыр шалғайдағы сағыныш менмұндалайды.

Ән қайырмасындағы:

«Әке-шешем бар еді,

Жасы келген кәрі еді.

Осын-ау әнге салдырған

Он алтының-ей зары еді!», - деп қайталанатын жолдардан 1916 жылғы оқиғаларға қатысты туған ән екенін байқаймыз.

1916 жылдың 25 маусымында Ресей патшасы ІІ Николайдың «Реквизициялау туралы» жарлығы шығып, қазақ даласына қаралы күн туды. Бұл жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдің жергілікті тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың адам майданның тыл жұмыстарына күштеп алынды.

Отанынан, туған жерінен айырылған боздақтардың жанын мұң мен сағыныш кернеді. Солардың бірі – қимас мекенін артқа тастап, белгісіз сапарға аттанған қазақ жігіті. Ол туған жерімен қоштасып, жүрегінің зарын әнге қосты. Елде қалған қарт әкесі мен шешесінің алдағы күніне алаңдаулы. Көңіліндегі алай-дүлей сезімін ән арқылы жеткізіп, ерке самал ескен, балалық шағы өткен тауы мен қыратын қимастықпен жырлады.

Осылайша «Самалтау» әні дүниеге келді. Бұл – жат жерге айдалған қазақ жігітінің жан дауысы, туған елге деген шексіз сүйіспеншілігі мен қасіретті сағынышы. Ән ғасырлар бойы халық жадында сақталып, қазақтың азаттығын аңсаған мұңлы үніне айналды.

ӘННІҢ АВТОРЫ КІМ?

Зерттеушілер мен өнертанушылардың пайымдауынша, жүректі тербейтін "Самалтау" әнінің авторы – Сапалай Исатайұлы. Ол 1891 жылы дүниеге келіп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған қазақтың бірі еді. Дарын иесі 1930 жылы саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды.

Сапалайдың есімі халық жадында тек "Самалтау" әнімен ғана емес, "Мұхида-Шайбан", "Екі айна", "Сәулем-ай" секілді сырлы туындыларымен де сақталған. Оның шығармалары Арқа даласына кеңінен тарап, бүгінге дейін тыңдарманның жүрегін тебірентіп келеді. Әрбір әнінде туған жердің сағынышы, махаббаттың мұңы жырланады.

Зерттеуші Сәулембай Әбсадықұлы көзі тірі куәгердің сөзіне сүйене отырып, әннің Сапалайға тиесілі екенін айтады. Белгілі композитор Илья Жақанов та бұл пікірмен келіседі.

«Халық әніне айналып кеткен Сапалайдың «Самалтауын» көкпар етудің қажеті жоқ. Әні де, сөзі де сол кісінікі. Ал таудың атына келетін болсақ, Арқа өңірінде ондай тау кездеспейді. Соған қарағанда, Сапалай Сарыарқаның сайын даласын, самал желін сағынып, содан образ жасаған ба деймін. Ақынның да, әншінің де сезімге берілетіні ақиқат дүние», – дейді Илья Жақанов.

АВТОР НЕГЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫ?

Сәулембай Әбсадықұлының зерттеуінше, Сапалай Исатайұлы Кеңес өкіметінің «халық жауы» деген жаласымен сотсыз, тергеусіз атылған. Кейбір аңыздарда оны итжеккенге айдады десе, басқа деректер 1930 жылдың 25 мамырында ату жазасына кесілгенін көрсетеді. Зерттеуші жинақтаған «Талас – Сарысу» кітабында Сапалай 1901 жылы туған деп көрсетілгенімен, оның өз әніндегі «Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр» деген жолдары 1916 жылы 24 жасқа толғанын дәлелдей түседі.

«Тамаша композитор, төкпе айтыс ақыны, дәулескер домбырашы Сапалайдың есімін атауға тыйым салынды. Оның әндерін айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Сөйтіп, оның адамның жүрегін аялаған сұлу әндері кім көрінгеннің тақымында кеткен көкпарға айналды. «Әу» деп айтатындар оның әндерін ұялмай, ұяласындай меншіктеп алды», - деп жазады зерттеуші Сәулембай Әбсадықұлы.

КІМДЕР ОРЫНДАЙДЫ?

Бұл әнді белгілі халық әншілері орындап келеді. Әсіресе, дәстүрлі әншілердің репертуарында жиі кездеседі.

Қазақстанның халық әртісі Бекболат Тілеухан бұл әнді өзінің орындауында кеңінен танытты. Оның орындауында әннің терең мазмұны мен мінезі айқын көрінеді.

Ал Димаш Құдайберген "Самалтау" әнін Қытайдың Фучжоу қаласында өткен VI халықаралық "Жібек жолы" кинофестивалінің жабылу салтанатында орындап, тыңдармандардың жоғары бағасын алды.

Сол тәрізді Әлия Әбікен мен Хас-Сақ этно тобы әннің кең тынысты, толғау мәнерін нақышына келтіре орындап жүр.  

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.