homepage
depositphotos.com

Даркнеттегі деректер дауы: ІІМ хабарландыру авторын анықтап жатыр

13.08.2026, 15:44

Қазақстандықтардың дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпараттан кейін Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізіп жатыр. Құзырлы орган eGov порталына заңсыз кіру немесе оның бұзылғаны туралы дерек тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін даркнетте қазақстандықтардың деректері бар деген база сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Белгісіз қолданушы аталған деректерді eGov жүйесіндегі осалдықты пайдаланып алғанын айтып, базаны шамамен 32 мың долларға бағалаған.

Жарнамада көлемі 2,7 ГБ болатын файлда қазақстандықтардың паспорт деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орны туралы мәліметтер, құжаттардың скан-көшірмелері және парольдер бар деген мәлімет келтірілген. Алайда бұл ақпараттың шынайылығы әзірге расталған жоқ.

ІІМ деректердің қайдан шыққанын анықтап жатыр

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, eGov жүйесінің бұзылғаны туралы факті тіркелмеген. Соған қарамастан, деректерді сатуға қатысты хабарландыру назардан тыс қалмай, оның авторын анықтау бойынша жұмыс басталған.

Қазір мамандар:

  • хабарландыруды жариялаған адамның кім екенін;
  • ұсынылған деректердің шығу көзін;
  • оларды заңсыз алған және таратқан болуы мүмкін адамдарды анықтап жатыр.

«Барлық қатысы бар тұлғаны анықтау үшін қажетті шаралардың бәрі қабылданады. Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды», – деп мәлімдеді ІІМ.

Министрлік азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.

eGov бұзылды ма?

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүргізген тексеру барысында eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталмаған.

Мамандар даркнетте жарияланған файлдарды талдап, олардың eGov жүйесінен тікелей алынған бірыңғай деректер базасы емес екенін хабарлаған.

Осылайша, қазіргі таңда қазақстандықтардың деректері eGov жүйесінен ұрланды деген ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Ал ІІМ деректердің нақты қайдан шыққанын және оларды таратуға кімнің қатысы барын анықтап жатыр.