homepage
Видеодан кадр

Қазақстандықтардың жеке дерегі сатылымға шыққан ба: министрлік жауап берді

12.08.2026, 12:57

Қазақстандықтардың дербес деректері таралып, даркнетте жарияланды деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрлік бұл ақпараттан хабардар екенін және қазір бейінді қызметтермен бірлесіп техникалық тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мамандар жарияланған деректердің үлгілерін талдап, олардың ықтимал шығу көзін анықтап жатыр.

Ведомствон мәліметінше, қазіргі уақытта электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылғаны немесе аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ.

Министрлік жарияланымдарда көрсетілген деректердің бір бөлігі eGov жүйесінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтті. Мәселен, электрондық үкімет жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды. Ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше.

Сондай-ақ даркнеттегі пайдаланушының деректер базасы eGov жүйесінен алынған деген мәлімдемесі ақпараттық жүйенің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайтыны айтылды.

Деректерді кім таратқаны анықталып жатыр

Техникалық тексеру әлі жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша министрлік қосымша ақпарат беруге уәде етті.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде даркнеттегі форумдардың бірінде қазақстандықтардың деректер базасы сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған. Хабарламада белгісіз пайдаланушы базаны eGov жүйесін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. Оның ішінде 15 млн қазақстандық туралы ақпарат бар екені және деректер базасының 32 мың долларға сатылатыны жазылған.

Алайда бұл мәліметтердің шынайылығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Министрлік қазақстандықтарға үндеу жасады

Ведомство азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Атап айтқанда:

  • SMS арқылы келген кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін бөгде адамдарға бермеу;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • әртүрлі сервистер үшін бірдей емес, бөлек парольдер пайдалану ұсынылады.