homepage
rustemova_aliya / instagram

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс сотқа жолданды

07.08.2026, 16:34

Былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаменті мәлім етті. 

— Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, - делінген Полиция департаментінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар Астана сотының баспасөз қызметі сот отырысының өтетін күні әлі белгіленбегенін хабарлады.

Айта кетерлігі, Ұлдана Мырзуанның күйеуі оның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.

Youtube желісіндегі сұхбатында Әділет Зейнел бұл процессуалдық мәртебені сақтап қалу шешімінің себебін түсіндірді. 

– Бұл істі өзім бастаған соң, оны соңына дейін жеткізгім келеді. Барлық сатыдан өттім, процесте өзім бастамашы болдым және оны аяқтауға ниеттімін. Қазақта «ер жігіт бастаған ісін аяқтайды» деген сөз бар. Егер ертең бұл істен бас тартсам, «екінші отбасын құрды да, бәрінен бас тартты» дейтіндер табылады. Бұл тағы да теріс пікірлердің өршуіне әкеледі. Бірақ мен өзгенің сөзінен қорыққандықтан емес, Ұлдананың алдындағы және барша жұрт алдындағы ішкі жауапкершілікті сезінгендіктен жалғастырып отырмын, – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді. 

18 қараша күні жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды

Бұл ретте екі қылмыстық іс қозғалды.  Біріншісі — сапасыз құрылыс, ал екіншісі — қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.