2025 жылғы қарашада қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жараланып, кейін ауруханада қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына орнатылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тақтаның ашылу салтанатына Ақмарал Әлназарова, жедел жәрдем қызметкерлері және марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қатысты. «Кәсіби борышына шексіз адалдығы мен ерлігі – мәңгілікке үлгі. Мәңгі жүрегімізде, мәңгі есімізде» деп қашалған қара таста.
Ұлдананың әріптесітері гүл шоғын қойып, ал сала министр Әлназарова марқұмның туыстарына көңіл айта отырып, Мырзуан атындағы аудитория ашылатынын мәлімдеді.
«Ұлдана Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады», деді министр.
8 қараша күні Астанадағы 9 қабатты үйдің қаптамасы құлап, оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері жапа шеккендерге медициналық көмек көрсетіп жатқанда, олардың үстіне кірпіш құлап, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Ауыр жараланған жас маман он күннен кейін – 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
18 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.