Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімнен өз еркімен кетіп қалған мерзімді әскери қызметші табылды. Сарбаздың мұндай қадамға баруына үйіне деген сағыныш итермелеген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының мәліметінше, Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет өткерген қатардағы жауынгер А.Е. Мархан облыс орталығынан шамамен 20 шақырым жерден ұсталып, әскери полиция бөліміне жеткізілген. Ведомствоның хабарлауынша, әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
“Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда”, – делінген ҚР Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының хабарламасында.
Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз үйін сағынғандықтан қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен.
Тексеру барысында әскери қызметші командирлер немесе бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қайшы әрекеттер мен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері болмағанын мәлімдеген.
Еске салайық, 2004 жылы туған мерзімді әскери қызметші 23 шілде күні таңғы сағат 06:30 шамасында тәуліктік кезекшілік кезінде, зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында күндізгі кезекші міндетін атқарып жүрген жерінен қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен. Қолында қару болмаған.
Сарбазды іздестіру жұмыстары әскери полиция мен ішкі істер органдарының бірлескен күшімен жүргізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.