homepage
Ақорда

Әлем чемпионатының жеңімпазы: Тоқаев Испания королін құттықтады

20.07.2026, 16:52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испания королі VI Фелипеге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ақорданың хабарлауынша. Президент Испания құрамасының футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен және екі дүркін әлем чемпионы атануымен құттықтады. 

Жеделхатта Мемлекет басшысы испан футболшыларының жоғары шеберлігі, ұйымшыл командалық ойыны мен жеңіске деген жігері миллиондаған жанкүйердің ықыласына бөленгенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент Испанияның әлемдік футболдағы жетістіктері көптеген елге үлгі екенін айтып, Қазақстан мен Испания арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды.

«Ұлттық құрамаңыздың жоғары шеберлігі, үйлесімді командалық ойыны және жеңіске деген жігері миллиондаған жанкүйерді тәнті етті. Испанияның жаһандық деңгейде мойындалған футболдан озық тәжірибесі баршаға үлгі. Осы ретте биыл Қазақстанда «Атлетико Мадрид» клубы академиясының ашылғанын ерекше қуанышпен атап өтемін. Бұл бастама халықтарымыз арасындағы достық пен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ жастар арасындағы байланыстарды тереңдетуге зор серпін беретініне кәміл сенемін», – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Фелипеге мемлекет игілігі жолындағы қызметіне табыс, ал Испания халқына бақ-береке мен өсіп-өркендеу тіледі.

Айта кетейік, футболдан әлем чемпионатының финалында Испания құрамасы қазіргі әлем чемпионы Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген болатын.

Жеңіс голын қосымша уақыттың 106-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес соқты.

Осылайша Испания өз тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұған дейін испандар әлем чемпионатын 2010 жылы жеңіп алған болатын. Сонымен қатар Испания құрамасының футболшылары әлем чемпионатының төрт негізгі жеке сыйлығының үшеуіне ие болды.