homepage
Фото: ELLIS / AFP via Getty Images)

Месси жылаған күн…

20.07.2026, 11:03

Испания тағы да чемпион. Өткен Еуропа бірінішілігінде алтыннан алқа таққан «қызыл фурия» бұл жолы Әлем кубогын төбесіне көтерді. Финалда Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасынан 1-0 есебімен басым түсті.

АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife Stdium аренасында 21-ғасырда бірінші рет екі бірдей испан тілді команда 2026 жылғы Әлем біріншілігінің чемпиондығына таласты. Ойын бастала салысымен екі құрама да бірден жоғары прессинге көшіп, қарсыласын орталық алаңнан асырмай, өзінің жарты алаңына қарай кері итерумен болды. Сондықтан да сәт сайын ойынды қақпашы арқылы қайта өрбітуге тура келді. Әсіресе аргентинаның қақпашысы Эмилиано Мартинеске соңғы қорғаушының ролін жиі атқаруға тура келді. Шындығын айту керек 90 минут бойы Испанияның гол соға алмауының басты себепкері де осы ойыншы еді. Мартинес 2022 жылғы әлем чемпионатының ең үздік қақпашысы деп бекер аталмағанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бірнеше рет керемет сейф жасады. Ал, ойын бірте-бірте испандықтардың үстемдігіне ұласты.

Аргентина ара-тұра ғана шабуылдың ырымын жасағаны болмаса, испанияның қорғанысын бұзып-жаратындай әдемі бір тактикалық ойын көрсете алмады. Өздеріңіз ойлай беріңіздер, ойынның негізгі уақытында, 90 минут бойына аргентиналықтар испанияның қақпасына қарай бір де бір соққы, тура соққы емес, жалпы соққы жасамады, жасатпады испандар. Ноль! Әлем чемпионатының финалына шығып тұрған команда қарсыласының қақпасына бір де бір рет доп бағыттай алмаса ол қалай чемпион болмақ? Әрине бола алмайды. Есесіне испанның жас перілері Мартинестің есін шығарып, 20 мәрте қақпаға доп тепті, соның 12-сі тура барды, біреуі жеңіс голына айналды. Жеңіс добын қосымша беліленген үшінші таймда, 106-шы минутта Ферран Торрес соқты.

Осының алдында ғана, ойынның негізгі уақыты аяқталуға екі-үш ақ минут қалған шақта аргентиналық Энцо Фернандес Кубарсиге қарсы дөрекі ойнап, екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Сөйтіп экстра-таймда командасын өте қиын жағдайға қалдырды. Онсыз да испандардың тас-түйін қорғанысынан саңылау таба алмай, өз қақпасын шықпа жаным шықпа деп зорға қорғап жүрген Мессидің әріптестерінің халі мүшкіл еді. Ақыры Испания осы басымдығынан нәтиже шығарды. Торрестің голынан кейін 1-0 есебін матч соңына дейін ұстап тұрды. Сөйтіп дәл қазір әлемдегі ең үздік құрама екенін дәлелдеп шықты. Өз тарихында екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Бірінші рет мундиальді 2010 жылы бағындырған болатын.

Өте бір қызық жәйт – испандар 2010 жылы әлем чемпионы атанар алдында, 2008 жылғы Еуропа біріншілігін ұтқан еді, осы жолы да дәл солай болды. 2024 жылы Еуропа чемпиондығын иеленген Испания жеңісті жорығын XXIII-ші мундиальда жалғастырды. Жалпы осыған дейін өткен 22 әлем чемпионатында 8 ел жеңімпаз атанған екен. Оның ішінде Бразилия 5 мәрте, Германия мен Италия 4 реттен, Аргентина 3 рет, Франция мен Уругвай екі реттен, Англия мен Испания бір реттен чемпион болған. Испандар енді екі дүркін жеңімпаздар қатарына қосылды.

Испанияның капитаны, жартылай қорғаушы Родри ФИФА-ның шешімімен биылғы біріншіліктің ең үздік ойыншысы атанды, ал сұрмергендер сайысында францияның жампозы Мбаппе алдына жан салдырмады, оның еншісінде 10 гол. Сөйтіп Килиан Мбаппе тарихта бірінші рет қатарынан екі әлем біріншілігінің «алтын бутсасын» иеленді. 2022 жылы да 8 голмен үздік бомбардир атанған еді.

Месси биыл 8 доппен екінші орында қалды. Испандық Пау Кубарсиге 2026 жылғы әлем чемпионатының үздік жас ойыншысы атағы бұйырды. Сонымен АҚШ, Канада, Мексикада өткен 23-ші әлем чемпионаты мәрсесіне жетті. Финалдық ойыннан кейін күміс жүлдегерлер мен жеңімпаздарды АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ФИФА президенті Джанни Инфантино марапаттады.

Дональд Трамптың қолынан күміс медальды мойнына таққан Месси былай шығып алған соң, алаңның ортасында тұрып, стадионға жиналған 80 мың жанкүйерден жасырмай көз жасына ерік берді. Мессиді кім жылатты? Әлде неге жылады? 120 минут бойына аяғын тұсап ойнатпаған испандықтардың ызасы өткендіктен бе?, мүмкін, әлде қол созым жерде тұрған алтынды алақанына сала алмаған өкінштен бе?, әрине, әлде ширек ғасыр бойына өмірінің мәніне айналған, атағын айдай әлемге танытқан, төбесін көкке көтеріп, керемет қуанышты сәттер сыйлаған футболмен қоштасар сәттің келгенін сезгендіктен, соны мойындағандықтан ба? Біздіңше бәрі де бар, бәрі де себеп. Сөйтіп 20 жыл бойына Месси мен Роналдудың алаңдағы текетіресіне, сырттай бақталастығына ұласқан әлемдік футболдағы тұтас бір дәуір – Месси мен Роналдудың дәуірі де өтті. Енді футбол тарихының таза парағы ашылып, жаңа кезеңі басталады. Ал оны жазатындар Ламин Ямаль, Пау Кубарси, Кукурелья сынды жас жұлдыздар мен Мбаппе сияқты тісқаққан, сақа дүлдүлдер болмақ.

Бекәділ Жәдік