homepage
Instagram.com/adiletkhan

Блогер Әділетхан Молдаханға сот үкімі шықты

14.07.2026, 16:35

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Сот оны Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды.

Сот шешімімен Әділетхан Молдахан бұрынғы полиция басшылары Серік Шұмаев пен Ержан Ұзабаевқа жалпы 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Оның ішінде моральдық зиян үшін әрқайсына 2 миллион теңгеден және сот шығындарын өтеуге 1 млн теңге өндірілмек.

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан кейін қозғалған іс

Қылмыстық іс биыл наурыз айында Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасынан кейін жарияланған бейнематериалдарға байланысты қозғалды.

Тергеу мәліметінше, блогер әлеуметтік желідегі жазбаларында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің түнгі жарысты ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін деген ақпарат таратқан.

Осыған байланысты бұрынғы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші ретінде танылды.

Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы блогерге 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал сотқа дейін Әділетхан Молдахан кінәсін мойындаған.

Қорғау тарапы бұлтартпау шарасын өзгертуді, істі жеңілдетілген тәртіппен қарауды және медиация жүргізуге уақыт беруді өтінгенімен, сот бұл өтініштерді қанағаттандырмады.

Қайғылы жол апаты

Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Александр Пак басқарған Zeekr автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз көз жұмған еді.

Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бірқатар өкілдерін қызметінен босатты.

Сондай-ақ полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал жол апаты бойынша Александр Пак кінәсін толық мойындап, сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.