Алаяқтыққа қарсы орталық өз жұмысын бастаған алты айда қазақстандықтардың 967 миллион теңге көлеміндегі жинақ ақшасын сақтауға көмектесті. Бұл - 2024 жылдың шілдесінде ҚР Ұлттық банкі іске қосқан жаңа Алаяқтық операциялар деректерімен алмасу орталығы бұғаттаған барлық күдікті аударымдардың жалпы сомасы, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
БҰҒАТТАЛҒАН 761 МЛН ТЕҢГЕ КҮДІКТІ АУДАРЫМДАР ДЕП ТАНЫЛДЫ
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжанның ақпаратына сәйкес, 2024 жылғы 6 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы аумағында 11,7 мың алаяқтық оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі – 65,5 пайызы немесе 7,7 мыңы құқық қорғау органдарының ақпаратының арқасында анықталды. Орталыққа басқа да күдікті аударымдар туралы ақпараттарды қаржы нарығының қатысушылары – төлем ұйымдары, банктер, ұялы байланыс операторлары және т.б. хабарлады.
Finprom.kz сараптамасына сүйенсек, Орталық оған қосылған барлық қатысушыға нақты уақыт режимінде хабарлама алмасуға және күдікті транзакцияларды жылдам блоктауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа. Олар арнайы белгілермен белгіленіп, жіберуші де, қабылдаушы банктер де бақылайды. Сондықтан егер ақша жәбірленушінің шотынан шығарылған болса да, ол бұғатталуы мүмкін және ықтимал алаяққа төленбейді.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, бұғатталған қаражаттың басым бөлігі — 760,9 млн теңге немесе 78,7 пайызы жөнелтуші банк тарапынан күдікті аударымдар деп танылды. Алушы банктер тарапынан 206,1 млн теңгенің төлеміне тосқауыл қойылды.
АЛАЯҚТАР ЖИІ ҚОЛДАНАТЫН ӘДІСТЕР ҚАНДАЙ?
Антифрод-орталық жұмысының алғашқы айларындағы статистикалық мәліметтер көрсеткендей, тіркелген оқиғалардың ішінде телефон арқылы жүргізілген алаяқтық әрекеттер жиі болған. Мұндай құқықбұзушылықтардың үлесі 25,5 пайызды құрады.
“Орталықта тіркелген алаяқтық фактілерінің үлесі бойынша екінші орында жалған инвестиция тұр - 18,9%. Технологиялық платформа әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде (17,6%) алаяқтық фактілеріне де бағытталған”, - дейді сарапшылар
Желілерде жалған сату, дропперлер арқылы алаяқтық немесе жалған «айна»-сайттар арқылы жалған сату деректері әлдеқайда жиі тіркелді.
АНТИФРОД-ОРТАЛЫҒЫНАН ЖЕКЕ ТҰЛҒАҒА ХАБАРЛАСУ ДА – АЛАЯҚТАР ӘРЕКЕТІ
Дегенмен қылмыскерлер ақша бопсалау немесе шот иесінің деректерін ұрлау үшін әртүрлі әдісті пайдаланады. Атап айтқанда, алаяқтыққа қарсы орталықтың пайда болысымен алаяқтар осы ұйымның қызметкерлері екені туралы жаңа «аңыз» ойлап тауып, адамдарды күдікті транзакциялардан қорғау үшін жеке мәліметтерді беруді немесе сілтеме бойынша фишинг сайтқа өтуді сұрайды.
Бұл ретте ҚР Ұлттық банкінің қызметкерлері алаяқтыққа қарсы орталық мамандары ешқашан жеке тұлғаларға телефон соқпайтынын, олар тек банктермен, қаржы институттарымен, түрлі IT-компаниялармен жұмыс істейтінін ескертеді.
Алаяқтыққа қарсы орталықтың жұмысы тек алаяқтық әрекеттер болған жағдайда, ақша аударымн болдырмауға бағытталған. Өйткені алаяқтың әрекеттері толық аяқталған болса, қылмыскерді тауып, одан келтірілген шығынды өндіріп алу мүмкіндігі тым аз болады. Мұны статистика дәлелдеп отыр.
ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ БОЙЫНША 23 МЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТІРКЕЛГЕН
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде интернет-алаяқтық бойынша 22,9 мың қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 81,8% жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі «қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғаның анықталмауына» байланысты үзілген.
Ал бұл үрдіс бірнеше жыл қатарынан байқалуда: 2019 жылдан бері осылай жабылған қылмыстық істердің үлесі жыл сайын 71%-дан 79%-ға дейін көтеріледі.
“Құқықтық статистикалық есептерге сәйкес, Интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрі (26%) – азаматтардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу. Өткен жылы тәртіп сақшылары осындай құқық бұзушылықтар негізінде 6,5 мың қылмыстық іс қозғаған. Қызметтерді (5,5 мың) және тауарларды (5,2 мың) онлайн сатып алудағы алаяқтық та көптеп тараған. Онлайн несие алғысы келіп, алданып қалған қазақстандықтар құқық қорғау органдарына жиі хабарласады (3,9 мың)”, - делінген зерттеуде.
АЛАЯҚТАР ҚҰРБАНДАРЫ 11 МЛРД ТЕҢГЕ АУДАРҒАН
Интернет-алаяқтықтан келген шығын орасан зор және алаяқтыққа қарсы орталық алты айда бұғаттап үлгерген қаражат көлемімен әлі салыстыруға келмейді. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы деректерге сәйкес, жәбірленушілер онлайн-алаяқтарға 11,4 млрд теңге берген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. Мұндай қылмыскерлердің құрбандарының көпшілігі жеке тұлғалар болды, олар алаяқтарға 11 миллиард теңге аударған.
Зардап шеккендердің қатарында заңды тұлғалар (олар 385 миллион теңге шығынға ұшырады), тіпті мемлекеттік ұйымдар (8,4 миллион теңге) бар.
Шығындарды өтеу салыстырмалы түрде аз болды: бар болғаны 36,6%. Яғни, жалпы қаражаттың үштен екісі, яғни 7 миллиард теңгеден астамы иелеріне қайтарылмаған.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.