homepage
Championat.com

ӘЧ басты сенсациясы - 40 жастағы Возинья

04.07.2026, 16:51

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тек алаңдағы сенсацияларымен ғана емес, жаңа жұлдыздардың жарқырауымен де есте қалып жатыр. Солардың бірі – Кабо-Верде құрамасының тәжірибелі қақпашысы Возинья, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Турнир басталғанға дейін оның Instagram парақшасында небәрі 20 мыңға жуық оқырман болған.

Алайда бірнеше жарқын ойыннан кейін жазылушылар саны 21,1 миллионға дейін көбейіп, Возинья әлемдегі ең танымал қақпашы атанды.

Осылайша ол әлеуметтік желідегі аудиториясы шамамен 18 миллион адамды құрайтын Тибо Куртуаны да басып озды.

Испаниямен болған матч

Кабо-Верде құрамасы әлем чемпионатын күтпеген нәтижемен бастады. Турнир фавориттерінің бірі саналатын Испания құрамасымен өткен кездесуде африкалық команда 0:0 есебімен тең түсіп, жанкүйерлерді таңғалдырды.

Сол матчта Возинья жеті қауіпті соққыны қайтарып, кездесудің үздік ойыншыларының бірі болды. Дәл осы ойыннан кейін оның есімі әлемдік футбол жанкүйерлеріне кеңінен таныла бастады.

Кейін Кабо-Верде Уругвай және Сауд Арабиясымен де тең ойнап, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Аргентинаға тек қосымша уақытта есе жіберді

Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Кабо-Вердеге қазіргі әлем чемпиондарының бірі – Аргентина ұлттық футбол құрамасы қарсылас болды.

Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Аргентина сапынан Лионель Месси мергендік танытса, Кабо-Верде атынан Дерой Дуарте есепті теңестірді.

Қосымша уақытта аргентиналықтар Лисандро Мартинес пен Кристиан Ромероның голдарының арқасында жеңісті жұлып алды. Кабо-Верде сапынан Сидни Лопеш Кабрал тағы бір гол соққанымен, матч 3:2 есебімен аяқталды.

Бір қызығы, Кабо-Верде турнир барысында негізгі уақытта бірде-бір рет жеңілген жоқ.

«Оның 40 жаста екеніне таңғалдым»

Аргентинамен кездесуде Возинья бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, тіпті Мессидің айып добынан соққан соққысын да тосқауылдай алды.

Матчтан кейін Месси қарсылас қақпашының өнеріне жоғары баға берді.

«Оның 40 жаста екенін естігенде қатты таңғалдым. Өте мықты ойын көрсетті. Матч аяқталған соң қасына барып, құттықтадым», – деді аргентиналық шабуылшы.

Лақап атпен танылған қақпашы

Возинья кәсіби футболдағы жолын өз елінде бастап, кейін Молдованың «Зимбру», Португалияның «Жил Висенте» және Кипрдің АЕЛ клубтарында өнер көрсеткен. Ұлттық құрамадағы дебютін 2012 жылы жасап, бірнеше мәрте Африка ұлттары кубогына қатысқан.

Оның айтуынша, бала кезінде сәтсіз ойындардан кейін жылап үйіне қайтып кететін болған. Сол себепті жақындары оған «Возинья» («әжесінің немересі») деген лақап ат қойған.

Бүгінде сол лақап атпен танылған қақпашы әлем чемпионатының ең жарқын кейіпкерлерінің біріне айналып, әлеуметтік желідегі рекордтық танымалдыққа қол жеткізді.