Футболдан әлем чемпионатында 1/16 финалдың соңғы ойындары аяқталды.
Алдымен алаңға шыққан Египет пен Австралия құрамаларының ойыны АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы «AT&T Stadium» стадионында өтті. Кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды.
Матчтағы есепті 13-минутта мысырлық жартылай қорғаушы Эмам Ашур ашты. Екінші таймның 55-минутында Египет қорғаушысы Мохамед Хани өз қақпасына гол соғып, Австралия таразы басын теңестірді.
Қосымша уақытта командалар жеңімпазды анықтай алмады. Пенальти сериясында Египет футболшыларының мерейі үстем болып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Австралия сапында Харри Суттар мен Лукас Херрингтон гол соға алмады. Осылайша Египет құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі матчта жеңіске жетіп, 1/8 финалға шықты. Енді мысырлықтар келесі кезеңде қазіргі әлем чемпионы Аргентинаға қарсы ойнайды. Қос капитан - Месси мен Салахтың қайсысы басым түсер екен?
Аргентина болса өз кезегінде 1/8 финалға зорға шықты. Месси мен оның командаластары үшін Майамидегі «Хард рок» стадионында өткен Кабо-Вердемен ойын нағыз триллерге айналды. Матчтың басты қызығы аргентиналықтардың жұлдызды капитаны Лионель Месси мен осы чемпионатта ерекше көзге түсіп, көрерменнің ықыласына бөленген Кабо-Верденің қақпашысы Вазиньидің теке-тіресі қалай өрбитінінде еді. Вазиньи өз командасын бірнеше мәрте құтқаруын құтқарды, бірақ тәжірибелі Аргентина жеңісті жұлып әкетті. Дегенмен Кабо-Верде жарады, ойынның негізгі уақытында азулы қарсыласқа алдырмады, 90 минут тең аяқталды, 1-1.
Матч тағдыры қосымша уақытта ғана шешілді. Есепті ойынның 29-шы минутында Месси ашты. Сөйтіп ол осы чемпионаттағы 7-ші голын соғып сұрмергендер арасында қайтадан көш бастады. 59-шы минутта Дерой Дуарте есепті теңестірді. Негізі уақытта бұдан басқа гол соғылмады. Қосымша 30 минут бастала салысымен Лисандро Мартинес аргентиналықтарды тағы да алға шығарды. Бірақ араға 11 минут салып Сидни Кабрал қайтадан теңестірді – 2-2.
Осы есеп 111-ші минутқа дейін өзгерген жоқ. Жеңіс голына тағы да Месси араласты. Оның бұрыштамадан көтерген добын Кабо-Верденің қорғаушысы Диней Брожес абайсызда өз қақпасына соғып алды. Сөйтіп ойын тағдырын автогол шешті, қорытынды есеп 3-2.
Осы ойында Месси тағы екі көрсеткіш бойынша рекорд жасады. Бірінші таймдағы голынан кейін екі бірдей әлем біріншілігінде кемінде 7 голдан соққан тарихтағы бірінші ойыншы атанды. Сонымен қатар 39 жастағы сұрмерген әлем чемпионатының басынан бастап соңына дейінгі барлық кезеңдерінде доп соққан жалғыз ойыншы боп тұр. Реті келгенде айта кетейік 4 жыл бұрынғы әлем біріншілігінде Месси бастаған Аргентина финалда француздарды жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын.
Бүгінгі соңғы ойында Колумбия мен Гана 1/8 финалға апаратын соңғы жолдаманы сарапқа салды. Жолдама Колумбияға бұйырды. АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өткен ойын 1-0 есебімен аяқталды. Жалғыз доп ойынның 14-ші минутында соғылды. Жартылай қорғаушы Джон Ариастың голы Колумбияны келесі кезеңге алып шықты. Екінші таймда, 56-шы минутта Колумбия тағы бір гол соғып еді, ол саналмады, офсайд. Сөйтіп турнирдің келесі плей-офф сатысына шыққан барлық командалар анықталды.
1/8 финалдың жұптары мынадай болды:
Канада – Марокко, ойын Қазақстан уақытымен 4-ші шілде күні 22.00-де басталады.
Мексика – Англия – 5-ші шілде, 23.00
Парагвай – Франция – 5-ші шілде, 02.00
Бразилия – Норвегия – 6-ші шілде, 01.00
Португалия – Испания – 7-ші шілде, 00.00
АҚШ – Бельгия – 7-ші шілде, 05.00
Аргентина – Египет – 7-ші шілде, 21.00
Швейцария – Колумбия – 8-ші шілде, 01.00