homepage

ІІМ-нің экс-қызметкері адам қағып өлтірген: Павлодарда сот отырысы өтті

Juzmedia. kz
Бүгін, 10:43

Павлодар облысындаадам қағып өлтірген ер адамға қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылдың 27 шілдесінде Павлодар-Семей тасжолында екі көлік соқтығысып, соның салдарынан бір көліктегі жүргізуші оқиға орнында қаза табады. Ал жүргізушісі қайтыс болған “Волга” көлігіндегі екі жолаушы ауруханаға жеткізіледі. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жол апатына екінші көлікті тізгіндеген жүргізушінің кінәлі екенін, оның сол сәтте мас болғанын анықтайды. Сондай-ақ жүргізушінің Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған қызметтің бөлім бастығы екені белгілі болады.  

Іrbistv.kz жазуынша, құзырлы орган қызметкері Астанада тұрғанымен, сол күні облыста жол жүріп  бара жатқан. Тәртіп сақшылары жол апатына оның мас күйде көлік жүргізгені себепкер болғанын анықтаған.

СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ?

Сотта жәбірленуші – жол апатынан тірі қалған, оқиға кезінде “Волга” көлігінде отырған ер адам мен оның ұлы қайтыс болған жүргізушінің туысы екені айтылды.

Қылмыстық іс абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша қаралып жатыр. Сотталушының адвокатының айтуынша, кінәлі тұлға өз кінәсін толық мойындап, жазаға тартылуға дайын. Апат болған күннен бастап оның туыстары зардап шеккендерге материалдық көмек көрсеткені айтылды.

“Менің қорғауымдағы адамның туыстары барлық тиісті шараны орындады және марқұм тарапынан бір ғана зардап шегуші бар екені айтылғанымен, оның 4 баласына материалдық және моральдық шығынды өтеу шарасы қабылданды. Сотталушы отбасы мүшелерінің бәріне мүмкіндігінше көмектесуге тырысатынын жеткізді. Қазіргі таңда марқұмның балаларына, қателеспесем, 7 миллионға жуық ақша төленді”, - деп түсіндірді сотталушының адвокаты Гүлмира Қажиева.

СОТ ҮКІМІ

Апат кезінде айыпталушы үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі мамандандырылған қызмет бөлімшесінің бастығы болып жұмыс істеген. Бүгінде оны Ішкі істер министрлігіне қарасты қызметкерлер есебінен шығарып тастаған.

Ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал неліктен мас күйде көлік жүргізгені туралы сұраққа “жүргізуші жолда шаршап кеткендіктен, орнын алмастырғанын” айтқан.   

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.