Алматыда полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша кәсіпкер мен екі блогерді ұстады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
10 МЛН ТЕҢГЕ АЛЫП ЖАТҚАНДА ҰСТАЛҒАН
Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған.
“Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған”, - делінген полиция таратқан хабарламада.
Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды.
Олар ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҰСТАЛҒАН БЛОГЕРЛЕР КІМДЕР?
БАҚ беттерінде жарияланған дерекке сүйенсек, ұсталған блогерлер – Дамир Кушаев пен Руслан Каримов.
Кушаев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында бейнежазбаға түсіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған болатын.