Футболдан әлем чемпионатының кезекті ойын күні аяқталды. Кеше түнде осы біріншіліктің ең жасы үлкен бапкері мен ең жасы кіші бапкері жаттықтыратын екі ел құрамасы кездесті. Ол әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырған, 150 мың ғана тұрығыны бар, арал мемлекет – Кюрасао. Бұл ел және оның құрамасы туралы Juzmedia.kz толық жазған.
Бас бапкері Дик Адвокат – 78 жаста. Ал, оның қарсыласы атақты неміс машинасының тізгінін ұстаған Юлиан Негальсман 38 жаста. Бір қызығы биылғы аладоп аламанындағы ең ірі есеп те осы ойында тіркелді. Хьюстонде өткен ойында немістер қарсыластарын 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Өздерінің жас әрі тәжірибесінің аздығына қарамастан Нойер қақпасына Ливано Комененсия 21-минутта алыстан әдемі гол салды. Ал, Германия сапынан Феликс Нмеча, Нико Шлоттербек, Кай Хаверц (дубль), Джамал Мусиала, Натаниэль Браун, Дениз Ундав секілді ойыншылар гол соғып, көзге түсті. Немістер әлемнің төрт дүркін чемпиондары. Биылғы құрамы едәуір жасарған.
Жұрт асыға күткен ойындардың бірі Нидерланды құрамасы мен Жапония арасында өтті. Кездесудегі алғашқы есепті 50-минутта Вирджил ван Дейк ашты. Ол әріптесінің оң қапталдан көтерген добын баспен қарсылас қақпасының сол жақ іргесіне жерлете салды. Араға жеті минут салып, жапониялық форварт Кэито Накамура әріптесі берген пасты әдемі пайдаланып, қақпашының оң қанатының астынан допты өткізе салған. Сөйтіп есеп теңесті. Бірақ, арада тағы да жеті минут өткенде Крисенсио Саммервилл еуропалықтарды алға шығарды. Ал ойынның негізгі уақыты аяқталуға бір минут қалғанда Даити Камада бұрыштан көтерілген допқа елдің ең алдымен жетіп, қақпаға қадай салды. Азиялық команда осылайша неміс математигі “биылғы чемпионаттың жеңімпазы атанады” деген қызғалдақты елдің құрамасына өз есесін жібермеді. Қортынды есеп 2:2.
Түнгі 03:00 де Код-д-Ивуар мен Эквадор құрамалары кездесті. Бұл кездесудің бәсін сарапшылар Эквадорға тігіп, шаппай бәйге алады деген. Алайда, алма-кезек шабуылмен, ақырын жүріп, бір-бірінің аяқ-алыстарын әбден аңдыған ойын аса бір тартысты бола қойған жоқ. Кездесу бастала салған сәтте эквадорлықтардың кемі екі мәрте есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Бірақ бәрі сәтсіз аяқталды. Код-д-Ивуар ойыншылары да қарап қалмады. Сәті түскенде қарсылас қақпасын әлсін-әлсін мазалады. Е тобының Филадельфияда өткен кездесудегі ойынның негізгі уақыты аяқталар сәтте яғни, 90 минутта Код-д-Ивуар құрамасының жартылай қорғаушысы Амад Диалло оң қапталдан әріптесі берген пасты еш қиналмастан қарсылас қақпаның алыс «алтылығына» сүңгіте салды. Сөйтіп, ойынның ең соңғы минутында соғылған гол Код-д-Ивуарға жеңіс әкелді.
Әлем чемпионатының F тобындағы алғашқы тур аясында өткен Швеция мен Тунис құрамалары арасындағы кездесуде Швеция 5:1 есебімен жеңіске жетті. Мексиканың Монтеррей қаласындағы «Estadio Monterrey» стадионында өткен бұл ойын скандинавиялықтардың толық үстемдігімен аяқталып, оларды топта көшбасшы қылды. 7-минутта Швеция есеп ашты. Тунис қорғанысының қателігін сәтті пайдаланған Брайтон жартылай қорғаушысы Ясин Аяри айып алаңының сыртынан қақпашының орнынан шығып кеткенін көріп, допты алыстан қақпаға дәл бағыттады. Әкесі тунистік болғандықтан, Аяри бұл голды қатты тойламай, қарсыласқа құрмет көрсетті. Осыдан кейін Швеция қысымды үдете түсті. 30-минутта Виктор Дьокерештен пас алған Александр Исак суырылып алға шығып, Тунис қорғаушыларын артта қалдырып, өзінің Әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын соқты. Ал бірінші тайм аяқталуға аз қалғанда Тунис есеп айырмасын қысқартты. 43 минутта Ханнибал Межбридің айып алаңына асырған тамаша пасын қорғаушы Омар Рекик баспен қақпаға дәл соғып, командасына үміт сыйлады.
Екінші тайм бастала сала Тунис капитаны Элье Схири өз айып алаңының маңында доптан айырылып қалды. Исак допты тартып алып, Виктор Дьокерешке берді, ол есепті 3:1-ге жеткізіп, өзінің фирмалық гол тойлау стилін көрсетті. Екінші таймда алаңға қосалқы құрамнан шыққан Маттиас Сванбергтің ойынға араласқаны сол-ақ екен, небәрі 16-18 секунд ішінде гол соқты. Төреші алдымен офсайд белгілегенімен, VAR жүйесі Исактың допқа аяғы тигенін растап, голды есепке алды. Ойынның соңғы секундтарында Ясин Аяри тағы да айып алаңының сыртынан оң аяғымен жойқын соққы жасап, дубльдің авторы атанды. Осы ойын барасында Швеция сапында 20 жастағы Лукас Бергвалл алаңға шықты. Ол аты аңызға айналған жерлесі Златан Ибрагимовичтен кейінгі Әлем чемпионатында бақ сынаған Швецияның ең жас ойыншысы атанды.
Бекәлі Жәдік