homepage
фото: ЖИ

Әлем чемпионаты: Доп додасына бір елден екі құрама қатысады

11.06.2026, 13:58

Сенесіз бе?! Футболдан бүгін басталатын әлем чемпионатына бір елден екі Ұлттық құрама қатысады. Иә, иә. Қате естіген жоқсыз. Ол – Нидерланды елі. 2026 жылғы доп додасына тұңғыш рет қатысатын елдің бірі Кюрасао ұлттық құрамасындағы 26 ойыншының 25-сі Нидерландыда туған. Әрі, олардың бәрі Нидерланды жастар құрамасында доп тепкен ойыншылар. Енді сол жастар оңтүстік Кариб теңізінде, Венесуэла жағалауына жақын жерде орналасқан арал-мемлекет аталатын - Кюрасаоның намысын қорғамақ. 

Бір қызығы құрамадағы бір ғана ойыншы осы аралда дүниеге келген. Оның үстіне Кюрасао ұлттық құрамасынының бас бапкері де нидерландтық. Атақты – Дик Адвокат. Бұл қалай болғаны дерсіздер?...

Төрт ғасыр бойы Нидерланды Корольдігінің қарамағында болған шағын ел 2010 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған. Қазір өз астанасы, үкіметі бар. Бірақ, Нидерланды Корольдігінің құрамына кіретін тәуелсіз аймақ. Астанасы – Виллемстад қаласы. Халқының саны бар-жоғы 150 мың. Голландиялық үлгідегі жарқын, түрлі-түсті үйлерімен және ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген сәулетімен танымал қала. Ресми тілдер нидерландтық, папьяменто (жергілікті диалект) және ағылшын. Валютасы Нидерланд антиль гульдені және АҚШ доллары да кеңінен қолданылады. Ел экономикасы әйгілі «Кюрасао» ликерімен, туризммен, оффшорлық қаржы қызметтерімен және мұнай өңдеу өнеркәсібімен танымал. Сонымен қатар, бұл ел өзінің мөлдір суымен, маржан рифтерімен, жанға жайлы жағажайларымен туристерді қатты тартады. 

Айтпақшы, биылғы футбол тойының тағы бір ерекшелігі доп додасы үш елде (АҚШ, Канада, Мексика) өтетіндіктен жанкүйер қауым үш бірдей ашылу салтанатын көреді. Соның алғашқысы бүгін Астана уақытымен 23:40 та Мехико қаласындағы атақты «Ацтека» стадионында өтеді. Ашылау салтанатынан кейін бірден жергілікті команда яғни Мексика ұлттық құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының құрамасымен кездеседі. Бір қызығы, осыдан 16 жыл футболдан әлем чемпионаты Оңтүстік Африка Республикасында өткен кезде біріншіліктің шымылдығын дәл осы екі елдің құрамасы ашқан. Ол кезде Йоханнесбургте өткен ойында қос құрама 1:1 есебімен тең ойнаған. 

Бекәлі Жәдік