Атырау облысында резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің жауаптары мен қылмысқа қатысты мән-жайлар сот отырысында жария етілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап.
Отбасылық жанжалдан басталған қылмыс
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айының басында Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында болған. Айыпталушының айтуынша, ол жұбайының ата-анасымен балаларға және отбасылық мәселелерге байланысты ұзақ уақыт бойы жанжалдасып жүрген.
Сәрсемалиевтің айтуынша, ол 2 қарашаға қараған түні жұбайымен және балаларымен бірге Жангелдинге келген. 3 қарашада таңертең ерте, шамамен сағат 07:00-де әйелінің ата-анасы шаруашылықпен айналысуға шыққан кезде олардың арасында қайтадан жанжал туындаған.
Айыпталушының айтуынша, сол сәтте енесі Нәсіп балаларды өздерінде қалдыратынын айтып, қызы Акбаянның бұл жолы қалаға қайтпайтынын жеткізген. Кейін әңгімеге қайын атасы Мақсот араласқан.
Сәрсемалиев сотта өз әрекетін түсіндіріп, сол кезде ойына өз-өзіне қол жұмсау, балаларды қалдырып кету немесе қайын жұртын өлтіру сияқты үш нұсқа келгенін айтты. Ол өз сөзінде анасын ойлап, балалардың бәрібір әйелінің туыстарына кететінін ойлағанын айтады.
Қылмысты қалай жасаған?
Айыпталушының айтуынша, ол асүй пышағын алып, жазғы үйге барған. Сол жерде енесі Нәсіпке бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел ауыр жарақат алып, сол жерде құлаған.
Содан кейін қораға қайын атасы Мақсот кірген. Сол сәтті күтіп тұрған Сәрсемалиев оны да пышақтап, бірнеше рет мойын және кеуде тұсына соққы жасағанын айтты. Артынша ол жерден шығып кеткен.
Оқиғадан кейін Сәрсемалиев үйге оралып, ештеңе болмағандай отбасымен бірге болған. Кейін қас қарайғанда қылмыс ізін жасыруға кіріскен.
Сәрсемалиевтің айтуынша, ол түн ортасында қайтадан қораға барып, мәйіттерді жасыратын орын іздеген. Алдымен денелерді айдалаға апарып көмуге ниеті болған, бірақ көлік жарығы мен көршілерден қорқып, бұл ойынан бас тартқан.
Содан кейін ол мәйіттерді сарайдың ішінде көмуге шешім қабылдайды. Ол жердің еденін сүйменмен және күрекпен ойып, шамамен алты сағат бойы жер қазған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол қазған шұңқырға алдымен Мақсоттың, артынша Нәсіптің денесін тастаған.
Келесі күні, 4 қарашада, ол қылмыс ізін толығымен жасыру үшін қайта келген. Артық топырақты қаптарға салып шығарып, мәйіттер жатқан жерді кілеммен, линолеуммен және қара пленкамен жапқан. Үстіне ескі диван қойып, қан іздерін жуып тастаған.
Іс материалдарына сәйкес, ол содан кейін такси шақырып, жұбайы Ақбаянмен, үш жастағы баласымен және Мейрамгүлмен бірге қалаға шығып кеткен. Ол туыстарына ата-анасының қалада екенін айтқан.
Қазіргі кезде сот процесі жалғасып жатыр.
Еске салайық, аталған қылмыс 2025 жылдың басында бүкіл елді дүр сілкіндірген болатын. Қызылқоға ауданында пышақ жарақаттары бар ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіті табылға едін. Кейін олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен жұбайы Ақбаян халықаралық іздеуге жарияланды.
Кейінірек қаза тапқан ерлі-зайыптының тағы екі баласының мәйіті табылды. Күдіктілер 24 ақпанда Индонезия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Сәрсемалиев тергеу барысында Наурыз бен Мейрамгүлдің де өліміне қатысы барын мойындап, олардың жерленген орнын көрсеткен.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр.