homepage
Видеодан кадр

Басы денесінен бөлек табылған: Жангелдиндегі қылмысқа қатысты сұмдық дерек айтылды

12.06.2026, 10:16

Атырауда Жангелдиндегі трагедияға қатысты сот процесінде жаңа деректер айтылып жатыр. Тергеу жазбаларында күйеу баласының қолынан қаза болған Наурыз Мұқанғалиевтың мәйіті табылғанда, оның денесі мен басы бөлек жатқан. Сотта Сұлтан Сәрсемалиев елге экстрадицияланғаннан кейін тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар көрсетілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бүгінгі сот процесі марқұмдардың мәйітін тану және оларға жүргізілген сот-медициналық сараптамаға қатысты бейнежазбаларды қараудан басталды.

Қылмыстық іс материалдарына сотталушының қолынан бірінші мерт болған Наурыз Мұқанғалиевтың мәйіті табылған кезде бас сүйегі денесінен бөлек жатқаны айтылды. Марқұмның дене мүщелерінің нақты қандай жағдайда ажырағаны айтылмады, әзірге анық қанығы белгісіз.

Сотта Сұлтан Сәрсемалиев наурыз айының басында елге экстрадицияланғаннан кейін тергеу барысында түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Онда күдікті қайын жұртын «отбасыма араласқаны үшін өлтірдім» деп айтқан.

Бейнежазбаларда күдіктінің тергеу тобын қылмыс орындарына бастап апарып, мәйіттерді көмген жерлерді өз қолымен көрсеткені бейнеленген. Ол тергеу тобына әрбір әрекетін егжей-тегжей түсіндіріп берген.

Сотта судья күдіктінің тергеу кезінде берген жауаптарын да оқып берді. Онда Сұлтан Сәрсемалиев Мейрамгүл Қарабалинаның қарсылық көрсеткенін, содан кейін оған қалай өлтіргенін айтқан.

— Қарабалин Мақсот пен Өтешқалиева Нәсіпті Қызылқоға ауданында қазаға ұшырату барысында қолданған, өзімен бірге алып келген асхана пышағын қолына алып, онымен Қарабалина Мейрамгүлді сол жақ қолтығы астына бірнеше мәрте соққы жасаған. Мейрамгүл құлап бара жатқан кезде екі мәрте соққы жасағанын көрсетті, – деді судья Зарема Хамидуллина.

Сотта күдіктіге халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін оның туыстарының үйінде жүргізілген тінту материалдары да көрсетілді.

Сұлтан Сәрсемалиев елден кетер алдында өзінің екінші SIM-картасын әпкесі Айдана Сәрсемалиеваның ұлы пайдаланатын телефонға салып кеткен. Бұл дерек тінту барысында анықталған.

Алайда бұған дейін сотта жауап берген туыстары ол нөмірдің басқа мақсатта пайдаланылғанын айтқан. Олардың айтуынша, SIM-карта Ақбаян Мұқанғалиеваға күтім бойынша қамқоршы тағайындау туралы өтінішке келетін хабарламаларды қабылдау үшін қалдырылған.