Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент өз сөзінде өткен ғасырдың алғашқы жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың есімін ұмытпау және тарихи әділеттілікті сақтау – ел алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті.
– Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз, – деді Мемлекет басшысы.
Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл ұстаным Конституцияда заң жүзінде бекітілген.
– Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз.
Қазір бүкіл әлем жұрты Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды. Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамымыздың ынтымақ-бірлігі мен тұрақтылығын нығайта беруіміз керек. Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет бьасшысы.
31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпай, тарихи жадыны сақтаудың маңызын еске салады.