homepage
astana.gov.kz

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы қанша адамынан айырылды

30.05.2026, 16:48

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген ең ауыр кезеңдердің бірімен байланысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тарихшылардың дерегінше, 1930-1953 жылдары Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргін жүргізіліп, миллиондаған адам жазықсыз жазаға тартылды. Қазақстанда ғана 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.

Қуғын-сүргіннің негізгі нысанасына қазақтың оқыған зиялылары ілікті. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен мәдениет өкілдері болды. Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және басқа да көптеген тұлғалар осы нәубеттің құрбанына айналды.

Ашаршылық қазақ халқының жартысына жуығын жалмады

Қазақстан тарихындағы ең үлкен демографиялық апаттардың бірі – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық болды.

Зерттеушілердің басым бөлігі аштықтан кемінде 1,5-2,3 миллион қазақ қаза тапқанын айтады. Сонымен қатар жүздеген мың адам Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Өзбекстанға және басқа елдерге босып кеткен.

Кейбір тарихи еңбектерде сол кезеңде қазақ халқының шамамен 40 пайызы жойылғаны көрсетіледі. Егер 1926 жылғы санақта қазақтардың саны 3,6 миллион адам болса, 1939 жылғы санақта бұл көрсеткіш небәрі 2,3 миллион адамды құраған.

Ашаршылықтың салдары бірнеше ұрпаққа әсер етіп, халық санының табиғи өсуін ондаған жылға тежеді.

Ашаршылық болмағанда, қазақ халқының саны қанша болар еді?

Демографтардың бағалауынша, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін болмағанда бүгінгі қазақ халқының саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді.

Қазіргі таңда әлемдегі қазақтардың жалпы саны шамамен 20-21 миллион адамға жетеді. Оның ішінде 14 миллионнан астамы Қазақстанда тұрады.

Ал бірқатар демографиялық зерттеуде ХХ ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін және жаппай көші-қон болмаған жағдайда қазақ халқының саны бүгінде 40-50 миллионнан асуы мүмкін екені айтылады. Кей сарапшылар бұл көрсеткіштің 60 миллионға дейін жетуі ықтимал болғанын да жоққа шығармайды.

Сондықтан 31 мамыр – тек тарихи дата емес, ұлт жадындағы ең ауыр қасіреттерді еске алып, тәуелсіздіктің қадірін түсінетін күн. Жазықсыз құрбан болған миллиондаған адамның тағдыры ұмытылмауы тиіс.