Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралып жатыр.
Тергеу мәліметінше, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні сағат 03:30 шамасында Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.
Жүргізуші мас күйде болған – прокурор
Сотта прокурор айыптау актісін оқып, Александр Пактың көлікті мас күйде басқарғанын мәлімдеді.
Сараптама қорытындысы бойынша оның қанынан 1,30 промилле этил спирті анықталған.
Сондай-ақ айыпталушы белгіленген жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан артық асырғаны айтылды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жүргізуші жол жағдайын ескермей, көлікті бақылауды жоғалтқан және қауіпті сәтте жылдамдықты төмендету үшін қажетті әрекет жасамаған.
Айыпталушы кінәсін мойындап, кешірім сұрады
Сот барысында Александр Пак қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрап, заң алдында жауап беруге дайын екенін айтты.
«Қаншалықты ауыр қайғы әкелгенімді түсінемін. Жауапкершіліктен қашпаймын, заң аясында жазамды өтеуге дайынмын. Бостандыққа шыққан соң қолымнан келгенше көмектесемін. Өзімді ешқашан кешірмеймін», – деді ол.
Айыпталушы алқабилер сотынан бас тартқан. Оның мүддесін сотта бір адвокат қорғап жатыр.
Сонымен қатар қорғаушы тарап сот отырысын видеоға түсіруге тыйым салуды және айыпталушының денсаулығына байланысты процеске онлайн қатысуына рұқсат беруді сұрады.
Еске салайық, резонанс тудырған бұл жол апатынан кейін Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары мен әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылған еді.