homepage

"100 жылдан соң Еділ біздікі болады": Мұхтар Мағауиннің соңғы сұқбаты

Juzmedia. kz
14.01.2025, 16:24

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар МАҒАУИННІҢ өмірден өтуі қазақ руханияты үшін орны толмас қаза болды. Қаламгердің журналист Ая Өміртайға көзі тірісінде берген соңғы сұқбаты Juzmedia.kz алаңында жарияланып отыр. Екеуара әңгімеде суреткер соңғы рет ашық ой бөлісіп, өмірінің соңғы кезеңінде өзін толғандырып жүрген әңгімесін ортаға салған.

Сұқбат барысында Мұхтар Мағауин қазіргі геосаяси жағдайды талдай отырып, Ресейдің келешегі жайлы және ондағы қазақтар мен туысқан түркі халықтары жөнінде көзқарасын білдіреді. Жазушының ойынша, үлкен держава болуға ұмтылған мемлекеттің ішкі қайшылықтары саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

“Астраханда 150 мың қазақ бар, Волгаградта 20-30 мың қазақ десек, Саратов облысында 70 мың қазақ бар. Сонда Еділ бойында 350 мың қазақ бар. Біздің ежелгі мекеніміз. Алтын Орданың ұйықты қонысы. Бұрынғы Сарай қаласының орнында Селитрин деген ауыл болатын. Сонда 5-6 мың халықтың жартысы қазақ болатын. Біраздан кейін таза қазақ болады. Астраханда таза қазақ акылдары көбейіп кетті. Еділ бойы түгелдей қазақтанады. Сонда мен жазғам, 100 жылдан кейін Еділ, Еділдің сол жағалауы біздікі болады. Ана Орынбордағы, Омбыдағы қазақ көпшілікке айналады”, - деді Мұхтар Мағауин.

Қазақстанның саясаты туралы ой қозғаған жазушы ел тәуелсізідігі мен сыртқы саясатты тең ұстауды басты мақсат ретінде қарастырады. Сондай-ақ Мұхтар Мағауин үшін үлкен алаңдаушылық тудырған мәселе – қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен шет елдерде қоныстанған қазақтардың жағдайы еді. Оның айтуынша, қазақ балаларын орыс сыныптарына жаппай беру үрдісіне тоқтау салу қажет. Ал шетелдердегі қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуына қандай да бір бөгесін болмауға тиіс екенін атады.

НЕЛІКТЕН ЭКСКЛЮЗИВ?

Мұхтар Мағауин өмірінің соңғы жылдарында баспасөзге сирек сұқбат беріп, тек маңызды ойларын публицистикамен ғана жеткізіп келген-ді. Бұл сұқбат жазушының халыққа, оқырмандарына арнаған ақырғы аманаты іспетті. Мұнда қаламгердің туған ұлтына деген жанашыр ойлары мен айқын болжамдары анық көрініс тапқан.

Мұхтар Мағауиннің бұған дейін 2024 жылы журналист Ая Өміртайға берген сұқбаты оқырмандар арасында кең талқыға түскен еді. Бүгінгі сұқбат сол интервьюдің жалғасы әрі журналистің Түркияға сапары барысында жазылып алынған.

Мұхтар Мағауиннің соңғы сұқбатын YouТube арнамыздан көре аласыздар.

Айта кетелік, Қазақстанның халық жазушысы 2025 жылы АҚШ-та жергілікті уақытпен 9 қаңтарда дүние салды. Суыт хабарды ұлы Едіге Мағауин хабарлады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Мағауинді соңғы сапарға туған-туыстары мен жақындары шығарып салды. Жаназа Diyanet Center of America мешітінде оқылды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.