homepage
Orda.kz

Үкіметте Алғабастағы 12 адам қаза тапқан өрттің себебі аталды

21.05.2026, 15:32

Үкіметте өткені брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысы Алғабас ауылында 12 адамның, оның ішінде 9 баланың өмірін қиған алапат өрттің алдын ала шығу себебін атады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Вице-премьердің айтуынша, тергеу барысында оқиғаның тұрмыстық сипатта болғаны анықталған.

– Бұл – тұрмыстық жағдай. Менің білуімше, тергеу аяқталды. Оқиға электр құрылғыларына байланысты болған.

Үкіметтік комиссия алғашқы айда бірнеше рет жиналып, жағдайды бақылауда ұстады. Сараптама қорытындысынан кейін-ақ бұл қылмыстық емес, тұрмыстық оқиға екені белгілі болды, – деді Қанат Бозымбаев.

Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі – «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша тергелген.

Бұған дейін де вице-премьер өрттен қасақана әрекет белгілері байқалмағанын айтқан еді.

Еске салайық, жантүршігерлік өрт 2025 жылғы 18 қарашада Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйде болған еді. Өрт кезінде құтқарушылар ес-түссіз жатқан үш адамды эвакуациялаған. Кейін үйінділерді тазарту барысында 12 адамның мәйіті табылды. Олардың тоғызы – бала.

Оқиғадан кейін ел көлемінде қауіпсіздік мәселесі қызу талқыланып, көпбалалы отбасылар тұратын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту қажеттігі айтылған болатын.

Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды электр құрылғыларын қараусыз қалдырмауға және үйдегі сым жүйелерін тұрақты тексеріп отыруға шақырған еді.

Дереккөз: Kazinform