homepage
Instagram/ @kz_in_usa

Қазақ қызы АҚШ-тың Словениядағы елшісі болып тағайындалды

20.05.2026, 14:31

АҚШ Сенаты этникалық қазақ қызы Әсел Робертсті Словениядағы төтенше және өкілетті елші қызметіне бекітті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Sta.si басылымының мәліметінше, дипломатиялық қызметке Әсел Робертстің кандидатурасын биыл ақпан айында АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған.

Наурыз айында ол Сенаттың бейінді комитетіндегі тыңдаудан өтіп, кейін мәселе жалпы дауыс беруге шығарылды.

Нәтижесінде оның кандидатурасын 46 сенатор қолдап, 43-і қарсы дауыс берген.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің ресми парақшасында жарияланған хабарламада:

«Әсел Робертстің АҚШ-тың Словениядағы елшісі қызметіне бекітілуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ол АҚШ елшісі болып тағайындалған алғашқы этникалық қазақ атанды. Жаңа қызметіне және алдағы жұмысына табыс тілейміз!» – делінген.

Осылайша, Әсел Робертс АҚШ тарихында елші қызметіне тағайындалған алғашқы этникалық қазақ атанды. 

Айта кетейік, Әсел Робертс балалық шағы мен мектеп жылдарын Алматыда өткізген, кейін отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Джорджтаун университетін (Georgetown University) тәмамдаған.

Студент кезінде Ақ үйде тағылымдамадан өтіп, кейін АҚШ-тың мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек жолын бастаған. Шамамен 20 жыл бойы түрлі мемлекеттік құрылымда қызмет атқарып, бірнеше құрлықтағы америкалық дипломатиялық миссиялардың жұмысын үйлестіруге қатысқан Әсел Робертс сондай-ақ, шетелдік мемлекет өкілдерімен маңызды келіссөздер жүргізген.

Әсел Робертс кезінде Барак Обама әкімшілігі тұсында Ақ үйде жұмысын бастап, кейін Джо Байден билігі кезеңінде де жауапты қызметтерді жалғастырған. Ол қазақ, ағылшын, орыс және жапон тілдерін еркін меңгерген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда туған Санжар Әбішев Лондонның Сент-Джеймс ауданындағы мэр сайлауында жеңіске жеткен еді. Ол Консервативтік партия атынан сайлауға түсіп, қарсыласынан шамамен 350 дауысқа басым түскен болатын.