homepage
instagram.com/sanabishev

Қазақ жігіті Лондондағы беделді ауданның мэрі атанды

08.05.2026, 15:59

Лондонның тарихи әрі ең беделді аудандарының бірі – St. James’s ауданында Қазақстан тумасы Санжар Әбішев мэр болып сайланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Санжар Азатұлы Ұлыбританияның Консервативтік партиясы атынан қатысып, сайлауда қарсыласынан шамамен 350 дауыс артық жинаған.

Санжар Әбішевке 2,3 мыңға жуық сайлаушы қолдау білдірген.

Бұл жаңалықты қазақстандық кәсіпкер Қанат Көпбаев әлеуметтік желіде бөлісе отырып, жаңа мэрдің қазақстандық кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы екенін мәлім етті.

Қазақ жігіт Лондондағы St. James ауданының мэры болып сайланды. Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтың ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern колледжін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болды. Консервативті партия өкілі ретінде, бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Құтты болсын Санжар Азатұлы, үлкен саяси шыңдардан көріне бер, - деп жазды Қанат Көпбаев. 

Санжар Әбішев кім?

Санжар Әбішев мектеп жасынан бері Ұлыбританияда тұрады. Ол беделді Malvern College оқу орнын және университет тәмамдаған. Кәсіпкерлікпен айналысып, 2016 жылдан бері халықаралық брендтермен жұмыс істейтін маркетингтік компанияны басқарады.

Сондай-ақ ол әлеуметтік бастамаларды қолдайтын қайырымдылық жобаларымен де айналысады.

Саясатқа соңғы жылдары белсенді араласып, 2024 жылы St. James’s округі бойынша Консервативтік партия бөлімшесінің жетекшісі болған.

Лондонның ең қымбат ауданының бірі

St. James’s ауданы Лондонның орталығында, Букингем сарайына жақын маңда орналасқан. Бұл аумақ тарихи ғимараттарымен, элиталық клубтарымен және қымбат жылжымайтын мүліктерімен танымал.

Пикадилли, Pall Mall және Regent Street көшелерінің маңындағы бұл аудан Ұлыбритания астанасындағы ең мәртебелі орындардың бірі саналады.