ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі қамзолға қатысты қоғамда қызу талқы туындағаннан кейін киноқордағы реквизиттерді цифрландыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Вице-министр Евгений Кочетов ведомство «Қазақфильм» қорындағы театр және кино реквизиттерін жүйелеп, цифрлық базаға көшіру жұмыстарын қолға алатынын айтты.
«Қазақфильм» архиві толық цифрландырылады
Вице-министрдің айтуынша, қазір «Қазақфильм» қорындағы барлық реквизитке түгендеу жүргізіліп жатыр. Алайда архив көлемі өте үлкен болғандықтан, нақты қорытынды жасауға әлі ерте.
«Қамзол “Қазақфильм” музейінде өзге де кино реквизиттерімен бірге сақталған. Бізде мұндай жәдігерлерді сақтау бойынша нақты талаптар бар. Сондықтан Мәдениет министрлігі бұл мәселеге бей-жай қарады деу дұрыс емес. Министрлік осы жылдар бойы қазақ киносына қатысты көптеген реквизиттің сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Бұған дейін “Қазақфильм” музейі дәл осындай форматта жұмыс істеген. Енді алдағы уақытта жәдігерлерді қайта қарап, цифрландыру жұмыстарын жүргіземіз», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ведомство тарихи жәдігерлерді көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында арнайы цифрлық қор қалыптастырмақ.
«Қыз Жібек» камзолы неге дауға айналды?
Бұған дейін продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкердің қамзолымен түскен суретін жариялаған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Көпшілік музейде тұруы тиіс ұлттық құндылықтың жеке коллекцияға қалай өткеніне алаңдаушылық білдірді. Ал Мәдениет министрлігі мәселе бойынша тексеру басталғанын хабарлады.
Кейін фильмде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова камзолдың түпнұсқа екенін растаған. Актрисаның айтуынша, ұлттық киім өте жақсы сақталған, тіпті аң терісі мен чех шынысынан жасалған әшекейлері де бүлінбеген.