homepage
Видеодан кадр

Баян Алагөзова «Қыз Жібек» қамзолының дауына қатысты жауап берді

18.04.2026, 15:38

Қазақстандық белгілі продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде аңызға айналған «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолды киіп көргенін жариялаған соң қоғамда қызу пікірталас туды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тарихи құндылығы бар жәдігер 

Продюсердің айтуынша, бұл – жай ғана киім емес, ерекше тарихи құндылығы бар дүние.

Ол әлеуметтік желіде қамзолды киіп, видео жариялаған еді.

«Бұл – жай ғана зат емес. Мен бұл тарихи құндылығы бар жәдігерді өмірімнің соңына дейін сақтаймын деген ойдамын. Себебі бұл – Меруерт Өтекешева киген, тігілгеніне 50 жылдан асқан, “Қыз Жібек” фильмінде көрсетілген камзол», – деді продюсер.

Бұл жағдай желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды. Бірі мұндай тарихи жәдігердің музейде сақталуы тиіс екенін айтып, жеке қолда жүргеніне наразылық білдірсе, енді бірі керісінше, қамзолды қайта көргеніне қуанып, оның сұлулығына тәнті болған.

Министрлік не деді?

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында фильмде пайдаланылған бір түпнұсқа камзол сақтаулы тұр.

“Аталған экспонат ұлттық кинематографияның маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалады”, – делінген министрлік жауабында.

Сондай-ақ продюсер жариялаған «екінші қамзолдың» жеке адамның қолына қалай өткенін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Баянның жауабы

Даулы пікірлерге желі арқылы жауап берген Баян Алагузова өз ұстанымын ашық жеткізді:

«50 жылдан астам уақыт бойы бұл камзол ешкімге керек болмады. Оны ешкім есіне де алған емес. Неге 30 жыл бойы ешкімнің ойына да келмеді? Ал сол фильмдегі өзге костюмдер қайда? Оларды кім сақтап қалды? Ешкім сақтаған жоқ, неге екенін білесіз бе? Өйткені олардың ешкімге керегі болмады», – деді ол.

Продюсердің сөзінше, камзол ұзақ жылдар бойы жеке адамның қолында болған. Ол адам кезінде бұл бұйымды қоқысқа тасталудан сақтап қалған. Кейін оны музейге емес, «сенімді қолға» беруді жөн көрген.

Сонымен қатар продюсер камзолдың көшірмелерін көптеп тігуді жоспарлап отырғанын айтты:

«Мен бұл қамзолдың 600 дана көшірмесін тікпекпін. Барлығы бұл “Қыз Жібектің” камзолы екенін біліп жүретін болады», – деді ол.

Айта кетейік, «Қыз Жібек» фильмі 1969-1970 жылдары түсірілген және қазақ киносының ең танымал туындыларының бірі саналады.