Өскемендегі «Казцинк» кәсіпорнында болған төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала деректер бойынша, түтінсорғышты тазалау кезінде жарылысқа ұқсас дыбыс шығып, артынша өрт тұтанып, конструкциялардың бір бөлігі опырылып кеткен.
“Соның салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп, салдарын жою шараларын жүргізіліп жатыр.
Арнайы комиссия құрылып, болған жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталуда. Компания қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін бағалап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, шаңның жергілікті деңгейде таралуы тіркелгенімен, қауіпті заттардың нормадан асуы анықталмаған.
Айта кетейік, 5 мамырда таңертең Өскемендегі зауыт аумағында шаң ұстау құрылғысы жарылып, артынша өрт шыққан. Құрылымның бір бөлігі опырылып, оқиға салдарынан тоғыз адамның зардап шеккені хабарланған. Өрт сағат 10:42-де толық сөндірілгенімен, құтқарушылар үйінділерді әлі де аршып жатыр.