homepage

Әбіқаевтың ұлы, Мәмидің күйеубаласы елші қызметтерімен қош айтысты

08.09.2024, 21:04

ЖАРЛЫҚТА НЕ АЙТЫЛҒАН

Президент жарлығымен Қазақстанның бірнеше еліндегі Төтенше және өкілетті елшілер қызметінен кетті. Соның ішінде ықпалды тұлғалардың туған туыстары да бар.  

“Президент Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, қоса атқаратын Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымдарынан босатылды” делінген Ақорда таратқан хабарламада.

АСҚАР ЖҰМАҒАЛИЕВ КІМ?

Асқар Жұмағали бұл қызметке 2020 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Бұған дейін ол әртүрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істеген.  "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы, Байланыс және ақпарат, Көлік және коммуникациялар министрі, "Қазатомөнеркәсіп "ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары - Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып жұмыс істеді. 

Кезінде тіпті, журналистерді де басқарған(министр) Жұмағалиев “ескі гвардия” өкілі  Қайрат Мәмидің күйеубаласы екені белгілі. Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы, Бас прокурор, Сенат төрағасы болған Қайрат Мәмидің қызына үйленген.

ӘБІҚАЕВТЫҢ “ЕУРОПАЛЫҚ” ҰЛЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

“Осы уақытта Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды”, – делінген ресми хабарламда.

Жұмыстан босатылған Сергей Нұртаев – қазақстандық дипломат, экономика ғылымдарының кандидаты. Президент Әкімшілігінің алғашқы басшысы болған Нұртай Әбіқаевтың өзі Қазақстанның  Ұлыбританиядағы, Швециядағы, Норвегиядағы және Ирландиядағы, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Ұлттық қауіпсіздік қызметін де басқарған. 2018 жылдан - 2022 жылға дейін "Отандастар қорының" президенті болды. Содан соң, Әбіқаев “саясат сахнасынан” көрінбей кетті. Ұлы да әкесінің ізімен елші ретінде ұзақ жылдар қызметте болған. Дәлірек айтсақ, 22 жыл Еуропаның түрлі елдерінде (Грекия, Италия, Мальта, Швеция, Дания) тұрып көрген. 

P/S Елші қызметі Қазақстанның ескі шенеуніктері үшін өсу емес өшумен тең деп жатады. Өйткені,  елші болып шетел асқандар ішінде қызметке қайта оралғандары аз. Ал сол шенеуніктердің еркетотай бала-шағасы үшін, дипломатия корпусы жайлы орындардың бірі саналады. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.