Абай облысында агробизнеске бөлінген ірі көлемдегі қаражатты заңсыз пайдалану дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті бұл істі прокуратураның үйлестіруімен жүргізген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, «Агробизнес» жобасы аясында фермерлерді қолдау үшін берілетін жеңілдетілген несиелерді шаруа қожалығының басшысы заңсыз жолмен алған.
Атап айтқанда, «Ықыбай» шаруа қожалығының жетекшісі жалған құжаттар ұсынып, ірі қара мал сатып алу мақсатында жалпы сомасы 250 миллион теңгеден асатын екі несие рәсімдеген.
Алайда алынған қаражат ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалмаған. Құжаттарда көрсетілген мал мен кепіл мүлкі шын мәнінде болмаған, ал ақша жеке мақсаттарға пайдаланылған. Нәтижесінде мемлекетке 211 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінң хабарламасында.
Тергеу барысында күдікті келтірілген залалды толық өтеген. Қазіргі таңда оған қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылып отыр. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
Мамандар мұндай заңбұзушылықтар мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімді әлсіретіп, адал кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіретінін атап өтеді.
Оқи отырыңыз: Қызылордада мекеме басшылығы бюджеттен 36 млн теңге жымқырған