Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйымдастырған ірі қаржылық заңбұзушылық дерегі анықталды. Тергеу мәліметінше, ауылдық клубтың бухгалтері мен директоры бірнеше жыл бойы бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырып келген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот барысында белгілі болғандай, олар қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын әдейі артық аударған.
Кейін түрлі сылтаумен «есепте қате кеткен» немесе «шот бұғатталған» деген себептермен ақшаны кері қайтарып отырған.
Бұл схема шамамен 10 жыл бойы жалғасқан. Көптеген қызметкер мұндай заңсыз әрекеттерден бейхабар болған.
“Жалпы келтірілген шығын көлемі 36 миллион теңгені құрады”, – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Алғашқы сот үкімімен айыпталушылар 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін рақымшылық туралы заң негізінде бухгалтердің жазасы қысқартылып, 4 жыл 8 айға дейін азайтылған.
Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, наразылық білдірді. Тексеру нәтижесінде рақымшылық заңының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Соның негізінде кассациялық сот істі қайта қарап, үкімді өзгертті.
Нәтижесінде бухгалтердің жазасы 5 жыл 7 айға дейін ұлғайтылды. Бұл шешім бюджет қаражатын жымқыру деректеріне қатысты жауапкершіліктің күшейтілгенін көрсетеді.