Яна Легкодимованың қатыгездікпен өлтірілуіне кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимов әлі күнге дейін Атыраудағы тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, оларға қатысты үкім заңды күшіне енген.
Олар жазасын ерекше режимдегі «Қара бүркіт» мекемесінде өтеуі тиіс. Бұл жерде жаппай кісі өлтіру қылмысы үшін сотталғандар, соның ішінде Владислав Челах пен Руслан Күлекбаев та бар.
Алайда сот шешімі орындалғанына қарамастан, этаптау әлі жүргізілмеген. Дереккөздің айтуынша, кідіріс орын тапшылығына байланысты болуы мүмкін, сондықтан сотталғандар кезегін күтіп отыр.
Этаптау Ұлттық ұланның арнайы қарауылымен жүргізілуі тиіс екені де атап өтілді.
Аталған дерекке қатысты ҚР ІІМ Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Қайыржанов пен Қатимовты этаптау үшін ҚР Ұлттық ұланы арнайы әскери бөлімшесіне өтінім өткен аптада жіберілгені белгілі болды.
«Ұлттық ұланның арнайы конвойын күтіп отырмыз. Конвой келгеннен кейін сотталғандар жазасын өтеу орнына жеткізіледі», – деді Атырау облысы ҚАЖ департаментінің басшысы Азамат Ізтлеуов.
Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында 24 жастағы Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша үкім шығып, сот Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовты өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде болған. 18 қазанда Яна Легкодимова Ризуан Хайржановпен кездесуге үйінен шығып, жоғалып кеткен. Оның денесін 8 айдан соң Жайық жағасынан табылды. Тергеу мәліметінше, Хайржанов танысы Алтынбек Қатимов екеуі қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылы маңындағы өзенге лақтырып жіберген.