Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар толық тоқтағанға дейін баруға болмайтын 14 елдің тізімін жария етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қазақстан азаматтарына белсенді әскери іс-әрекеттер толық тоқтағанға дейін келесі елдерге барудан бас тартуға қатаң түрде ұсынамын: Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман және Сирия», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Сонымен қатар ҚР СІМ осы елдерде жүрген азаматтарды жеке қауіпсіздігі үшін қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, соның ішінде зымырандар қаупі туындаған жағдайда дереу паналау орнына баруға кеңес береді. Одан бөлек Қазақстан елшілігімен, туроператорларымен тұрақты байланыста болуға шақырады.
СІМ бұл ұсынымдарына қарамастан қауіпті аймаққа баруға жиналып отырған қазақстандықтар бар болып шықты. Айта өтейік, бұған дейін Таяу Шығыс елдерінен 8,5 мың қазақстандықтың елге оралғанын хабарлаған болатынбыз. СІМ хабарлауынша, азаматтарды эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.