Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялау жалғасып жатыр. Қазірге дейін 8 585 азамат елге қайтарылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, эвакуация жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының көмегімен жүргізіліп жатыр. Қазақстан билігі аймақта жүрген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып отырғанын айтады.
«Эвакуация басталғалы бері резидент және шетелдік әуе компанияларының көмегімен 8 585 қазақстандық елге қайтарылды. Қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында зардап шеккендер немесе қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ», – деді Жетібаев брифингте.
Алдағы күндері Израильден 78 адамды, Қатардан шамамен 350 азаматты, Біріккен Араб Әмірліктерінен 550 адамды және Сауд Арабиясынан 300-ге жуық қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отыр. Министрлік бұл деректер өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Қазақстан азаматтарын қауіпсіз жерге шығару тек әуе рейстері арқылы ғана емес, құрлық жолымен де жүргізіліп жатыр. Әзербайжан, Армения және Түркіменстан шекаралары арқылы қазақстандықтарды қауіпсіз аймақтарға жеткізу ұйымдастырылған.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Иран аумағынан 66 қазақстандық елге қайтарылған.
Аймақтағы жағдай 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасағаннан кейін күрт шиеленіскен. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери нысандарына жауап ретінде шабуыл жасаған.