Хатты Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Нұржыман Ықтымбаев, жазушы Смағұл Елубай, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов және Қанат Төребай сынды қайраткерлер атынан жазылған.
«Халық, мемлекет өзінің ұлттық мәдениетінсіз бола алмайды. Дәл осы мәдениет пен өнер арқылы ұлтты ерекшелендіріп тұратын, болашақты құрып, алға сенімді жетелейтін рухани күш, ұлттық код ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Кинематография - бүгінгі мәдениет пен өнердің маңызды бөлігінің бірі.
Кино – жастарды тәрбиелеуші, мемлекеттің идеологиясын жүргізу мен қоғамның мәдени және рухани құндылықтарын насихаттауда негізгі мықты құрал. Біз, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері осы хат арқылы отандық кинематография саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып отырмыз. Соңғы жылдары кино саласында бітпейтін жанжалдар көбейіп кетті, атап айтқанда, кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып, нағыз киногерлердің сөзін ешкім тыңдап жатқан жоқ. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұның бәрі бүкіл кино мамандардың алаңдаушылығын туғызды», - делінген хат мәтінінде.
Сонымен қатар киногерлер салаға жауапты ведомствоның реттеу-қадағалау жұмыстарын тиісті деңгейде орындай алмай отырғандығын, министрдің мәдениет саласынан хабары аз екендігін алға тартқан.
«Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Жауапты орындарға жазылған хаттар мен шағымдарға мәселені еш зерттеместен бірсыдырғы жауаптар ғана беріледі. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек екені күн сайын сезілуде. Сол себепті біз, киногерлер отандық кино саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талап етіп, билікке қайрылуға мәжбүрміз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз сізден Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келіп, киногерлермен тікелей кездесу өткізуіңізді немесе наразы киноқауым өкілдерін қабылдауыңызды сұраймыз. Өзіңіз тікелей араласып, жағдайды жеке бақылауыңызға алмасаңыз, мәселе шешілмейтін сияқты. Біздің жанайқайымыз жауапсыз қалмайды деп үміттенеміз», - делінген хатта.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.