homepage
Фото: shutterstock.com

Ақтауда құрылыс компаниясы басшылары көпқабатты үй салу кезінде 5,5 млрд теңге жымқырған

13.05.2025, 05:57

Ақтауда «Сұлтан», «Аққала» және «Мұрагер» тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезінде аса ірі көлемде алаяқтық жасаған «ИнтерьерСтройАқтау» ЖШС басшылары сотталды. Компания басшылары 590 үлескерден заңсыз қаражат жинаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген қылмыстық іс бойынша Ақтау қаласында аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша үкім шықты.

Тергеу нәтижесінде «ИнтерьерСтройАқтау» ЖШС басшылығы құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары, лицензиясы және жобалық-сметалық құжаттамасы болмағанына қарамастан, 590 үлескермен келісімшарт жасасып, 5,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз тартқаны анықталды.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілмеген және мерзімінде аяқталмаған. Тергеу деректері бойынша 1,9 млрд теңге жалған құрылыс актілері арқылы қолма-қол ақша түрінде кассадан шығарылып, компания басшылығы тарапынан иемделген.

«Құқық қорғау органдары тергеу барысында 5 жер телімі мен 47 автокөлікке тыйым салды. Ал жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу мақсатында 1,1 млрд теңге көлеміндегі мүлік тәркіленіп, өтем ретінде аударылды. Сот үкімімен компания басшылары 3,5 жылдан 6,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада