homepage
Фото: freepik.com

Қызылордада енесі келініне тіл тигізгені үшін сот алдында жауап берді

12.05.2025, 13:31

Қызылорда облысында келініне былапыт сөз айтып, үй тыныштығын бұзған енесіне сот ескерту түрінде жаза тағайындады. Қазалы аудандық соты әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты істі қарап, тараптардың уәжін тыңдады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазалы аудандық сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігі бойынша азаматша Ұ.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Іс материалдарына сәйкес, ол өзінің келіні А.-ға сыйламаушылық көрсетіп, ауыр сөздер айтып, үйдегі тыныштықты бұзған.

Сотта жәбірленуші келіні А. енесінің дөрекі мінезіне шыдай алмай, полицияға арызданғанын айтты. Ол көпшілік алдында қорланғанын, моральдық қысым көргенін жеткізіп, заң аясында шара қолдануды сұрады.

Сотта тараптардың түсініктемелері тыңдалып, куәгерлердің сөзі мен іс құжаттары зерттелді. Нәтижесінде, азаматша Ұ.-ның келініне қатысты әрекеттері расталып, оның әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық деп танылды.

«Қазалы аудандық сотының қаулысымен Ұ. ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған ескерту әкімшілік жазасы қолданылған», - делінген соттың хабарламасында.