homepage
Фото: Polisia.kz

Ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

02.05.2025, 14:17

Ақмола облысы Егіндікөл ауданында жалпы сомасы 39,6 миллион теңгеге жуық ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін ұрлаған үш күдікті ұсталды. Ұрлық жарты жыл бойы жүргізіліп келген, деп хабарлайды Juzmedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қылмыс фактісі биылғы сәуір айында тіркелген. Ақмола облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, Егіндікөл ауданындағы ЖШС аумағынан ұрланған бөлшектерге қатысты тергеуді бастады.

Тергеу барысында қосалқы бөлшектер 2024 жылдың қарашасынан бастап 2025 жылдың сәуіріне дейін, алты ай ішінде ұрланғаны белгілі болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер — 35, 30 және 25 жастағы жергілікті тұрғындар.

 «Қыс мезгілінде 30 жастағы ақмолалық ЖШС аумағынан шанамен бөлшектерді тасып, кейін екі сыбайласының көмегімен Атбасар ауданындағы сатып алушыға өткізгені алдын ала анықталды», — делінген полиция таратқан хабарламада.

Күдіктілер арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен ұсталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Заттай дәлелдер тәркіленіп, сараптамалар тағайындалған. Тергеу жалғасуда.