Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылатын 2024–2025 оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын қорытындыласа, оның ішінде 217 мыңнан астам түлек 11-сыныпты тәмамдайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
23 мамырда барлық мектептерде бірыңғай сынып сағаты өтеді. «Білімім — Отаныма» тақырыбындағы бұл тәрбие сағаты – оқу жылының маңызды қорытындысы, шәкірттер мен мұғалімдер үшін бірлесе атқарған еңбекті еске түсіріп, патриотизм мен білімге құштарлықты арттыруға бағытталған.
«Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда өткізіледі», - делінген хабарламада.
Білім беру ұйымдарына оқу жылының соңын қауіпсіз әрі мазмұнды етіп ұйымдастыру ұсынылған. Осыған байланысты мектеп аумағынан тыс сән-салтанатты іс-шаралар, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да қауіп төндіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді.