Астана қаласында дүкен қызметкерінің балаға қазақ тілінде сөйлегені үшін дөрекілік таныту фактісіне байланысты тексеріс жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды, деп хабарлайды Juzmedia. Бұл туралы 30 сәуір күні журналист Кәмшат Тасболат Facebook парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, Астана қалалық Тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп болған жағдайға байланысты хабарласып, дүкенге қатысты тиісті шара қабылданғанын жеткізген. Басқарма өкілінің мәліметіне сенсек, дүкен маңдайшасында мемлекеттік тілдегі жазудың болмауына байланысты дереу алынып тасталған. Сонымен қатар дүкен ішіндегі кассалық чектерді мемлекеттік тілде ұсыну талабы қойылған.
Қазіргі уақытта Тіл басқармасының айыппұл салу құзыреті жоқ. Сондықтан мұндай жағдайларда нақты шешім тек қоғамдық резонанс тудырған сәтте ғана жылдам қабылданатыны өкінішті жағдай екенін Кәмшат Тасболат атап өтті.
«Мемлекеттік тілге құрмет – әр азаматтың, әр мекеменің міндеті. Біз қоғамдық орынға барған сайын ‘ас мәзірі қазақша бар ма?’, ‘қызметкер қазақша жауап бере ме?’ деп алаңдап отыруға тиіс емеспіз. Тіл нормаларын сақтау – заң талабы, ал оны орындау – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді ол.
Оқиғаға байланысты дүкен қызметкері өз әрекеті үшін кешірім сұрауға ниет білдірген.
Айта кетелік, Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы «азаматтардың бір-бірін қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайды» деген үндеуі қоғамда түрлі пікір тудырды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай дүкен сатушысы қазақша сөйлеген балаға Президенттің сөзін алға тартып, қоқан-лоқы көрсеткен.