homepage
Видеодан алынған кадр

«Диагнозы күрделі, тиісті көмек көрсетіліп жатыр»: Денсаулық сақтау министрі Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы

29.04.2025, 08:04

Әскерде жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Бұл туралы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министр Ербаян Мұхтар жақында елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жатқызылғанын айтты. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Оның жанында әкесі бар, медициналық оңалту шаралары басталды.

«Ербаян Мұхтардың денсаулығы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, ата-анасымен осыдан бірнеше күн бұрын өзім кездестім. Жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту медициналық қызметтерін алу қажеттілігіне байланысты кеше ғана Ұлттық медициналық орталыққа жатқыздық. Қасында әкесі бар, қазіргі таңда өз ауруына байланысты тиісті көмек алып жатыр», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр науқастың диагнозының күрделі екенін де жасырмады. Оның сөзінше, жарақатпен қатар инфекция да анықталған. Бұған дейін Ербаян Мұхтар Түркияда ем қабылдап келген.

«Қазір біз қосымша тексеріп жатырмыз. Егер қажет болса, Түркияда немесе басқа мемлекетте емін жалғастыру мәселесін ата-анасымен талқыладық. Олар Қазақстанда ем алуға келісімдерін берді. Алдын ала болжам жасамаймыз, бірақ тиісті көмек көрсетіліп жатыр», – деді министр.

Министрлік тарапынан Ербаян Мұхтардың денсаулығына қатысты жағдай толық бақылауға алынған. Журналистер сұрағына жауап берген Ақмарал Әлназарова Қазақстан медицинасының қазіргі жағдайы науқасқа қажетті көмекті көрсетуге жеткілікті екенін атап өтті.