Бүгін, 28 сәуірде, Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасты. Куәгер ретінде жауап беріп жатқан 32 жастағы Эльмира Нұрбекова сотта өз бұрынғы айтқан сөздерінен бас тартты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрбекова тергеу барысында айыпталушы Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын және оның жерде жатқан Шерзаттың арқасына соққы жасағанын көргенін мәлімдеген еді. Алайда бүгінгі сот отырысында ол пышақты көрген-көрмегенін есіне түсіре алмайтынын айтты.
Прокурор Дана Сәрсенбайдың сұрауы бойынша, Нұрбекова сот залында Абзал Шынасылдың Шерзатқа қол жұмсаған сәтін іс-қимылмен көрсетті. Сондай-ақ, прокурор куәгерден неге жедел жәрдем шақырмай, тауға кетіп, жолда дүкенге барғанын сұрады.
«Мүмкіндік болмады, қатты қорықтым. Талғарға жеткен соң бірден полицияға барып бәрін айтып береміз деп ойладым», – деді ол.
Прокурор Нұрбековадан қарулы ер адамдармен бірге дүкенге қалайша қорықпай барғанын сұрағанда, ол жауап бере алмады. Сонымен қатар, прокурор оның төрт баланың анасы ретінде жерде жатқан жасөспірімді көргенде неліктен жанашырлық танытпағанын сұрады. Нұрбекова шок жағдайында болғанын, не болып жатқанын түсінбей қалғанын айтты.
Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты да Нұрбековаға сұрақтар қойды. Ол Эльмира Нұрбековадан 5 қазандағы алғашқы көрсетілімінде пышақтың денеге дәл қай жерден сұғылғанын қалай білгенін сұрады. Адвокаттың айтуынша, сараптама нәтижелері тек 11 қарашада ғана белгілі болған.
Нұрбекова өз жауабында екі күн бойы тергеу изоляторында ұйқысыз, тамақсыз отырып, жүзден астам адамның алдында сұрақтарға жауап бергенін, сол кезде қатты шаршап, шатасқанын айтты. Оның сөзінше, орыс тілінде берген жауабының қазақ тіліне қалай аударылғанына да назар аудармаған, әрі үйіне тезірек қайту үшін барлық құжаттарға қол қойған.
Сотта сондай-ақ оның бұрынғы беттестіру кезінде жасаған мәлімдемелерінің видеожазбасы көрсетілді. Сол кезде Нұрбекова Шерзаттың кеуде тұсына пышақ сұғылған сәтті егжей-тегжейлі сипаттаған еді. Бүгінде ол бұл оқиғаны есіне түсіре алмайтынын айтып, алғашқы берген жауаптарынан бас тартты.
Сонымен қатар бастапқы жауаптарында ол Шерзаттың анасын "Ұлымды өлтіріп жатыр, көмектесіңдер!" деп айқайлағанын естігенін көрсетсе, қазір тек көмек сұраған дауысты естігенін, бірақ нақты не айтқанын білмейтінін мәлімдеді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.