Қазақстанда соңғы жылдары ірі спорттық және инфрақұрылымдық нысандарды салуға миллиардтаған қаражат жұмсалып келеді. Мемлекет қаржысы есебінен салынған бұл кешендердің бір бөлігі халық игілігіне айналып жатса, енді бірқатары пайдаланылмай, бос күйінде тұр. Олардың құрылысына кеткен шығындар мен күтіп-ұстау үшін жыл сайын бөлінетін қаражат қоғамда түрлі сұрақ тудырып отыр. Juzmedia тілшісі ірі жобалардың шығынын саралап көрді.
Ресми ақпараттарға сәйкес, еліміздегі ең қымбат үш спорт нысаны — Щучинскідегі трамплин кешені, Алматыдағы “Сұңқар” халықаралық шаңғы трамплині және “Алматы Арена” спорт сарайы. Бұл нысандардың әрқайсысы шамамен 38 миллиард теңгеге салынған. Мәселен, “Сұңқар” — 38,2 млрд, Алматы Арена — 38,5 млрд, ал Щучинскідегі трамплин кешені — 38 млрд теңгеге бағаланған. Құны жағынан айырмашылығы тым аз болғанымен, мұндай ірі жобаларға мемлекет есебінен бөлінетін қаржы көлемі орасан.
Салыстыру үшін айтсақ, елорданың символына айналған “Бәйтерек” монументінен Щучинскідегі трамплин кешені 15 есе қымбатқа түскен. Яғни, қарапайым туристік нысаннан бірнеше есе қымбат жобалар — бүгінде толық қуатында жұмыс істемейді.
Мысалы, Щучинскідегі трамплин кешені жарыс өткізбейді, жаттығу жүргізілмейді, климаттық жағдайлар сәйкес келмейді деген себеппен пайдаланылмай келеді. Алайда, бұл нысанның тек бос тұрғаны үшін жыл сайын 472 миллион теңге бюджеттен бөлініп отыр. Сәйкесінше, кешен жұмыс істемесе де, оны күтіп ұстау шығындары тоқтаусыз жүріп жатыр.
“Сұңқар” трамплиніне де жағдай ұқсас. 2000-жылдардың соңында пайдалануға берілген кешенге жыл сайын шамамен 469 миллион теңге жұмсалады. Бұл — 15 жыл бойы тұрақты шығын деген сөз. Кейде мұнда спорт мектептерінің оқушылары тегін жаттығады, дегенмен бұл бюджет шығындарын толық ақтамайтыны анық.
Алматы Арена — 12 мың орындық ірі спорт кешені. Дегенмен, Бельгиядағы AFAS стадионы бұл нысаннан жеті есе арзан, бірақ 20 мың көрерменге лайықталған. Осыдан кейін “біз неге қымбат төлейміз?” деген заңды сұрақ туындайды. Сарапшылар мұны құрылыс саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады.
Сметалық есептерде құрылыс материалдарының, қызметтердің бағасы нақты нарық бағасынан бірнеше есе жоғары көрсетілетіні туралы көп айтылып келеді. Мұндай жағдайда “артық” қаражаттың қайда жұмсалатыны туралы күмән күшейе түседі. Нысан жұмыс істемесе немесе талапқа сай келмесе, жауапкершілік жекелеген мердігерге немесе бір лауазымды тұлғаға ғана жүктеледі. Ал жобалаушы, тапсырыс беруші және бекітуші органдардың жауапкершілігі назардан тыс қалады.
Қазақстанда соңғы жылдары бой көтерген бірқатар спорт нысаны мен инфрақұрылымдық жоба қоғамдық тиімділігі тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді. Қыруар қаржы жұмсалғанымен, олардың пайдаланылуы, тиімділігі, әлеуметтік қайтарымы төмен. Ең бастысы — мұндай жобаларға парламенттік немесе қоғамдық бақылау тетіктерінің әлсіздігі байқалады. Қоғамдық пікір тек әлеуметтік желідегі реакциялармен шектеледі, ал жүйелі талдау мен нақты сұрау механизмі қалыптаспаған.
Жобалар қанша “ұлттық” деген атқа ие болғанымен, олардың артында нақты ашықтық, есептілік және тиімділік болмаса — бұл тек сандар мен сылтауға айналады. Қоғам үшін маңыздысы — көрсеткіш емес, нәтиже. Ал шынайы нәтиже болу үшін басқару мен бюджетке деген жауапкершілік артуға тиіс.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.