2025 жылдың 9 мамырында Мәскеуде Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына арналған Жеңіс парады өтеді, деп хабарлайды Juzmedia Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Осы айтулы іс-шараға қатысу үшін Қазақстан Қарулы күштерінің парадтық есептобы Мәскеу облысына келді. Чкаловский әскери әуеайлағында 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының құрамындағы 80 әскери қызметшіні Ресей Федерациясындағы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі, генерал-лейтенант Талғат Қойбақов салтанатты түрде қарсы алды.
Генерал-лейтенант десантшыларға Қазақстан атынан әлемдік деңгейдегі тарихи маңызы зор іс-шарада лайықты өнер көрсетуге сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, биылғы Жеңіс парады — фашизмді жеңудің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған ерекше тарихи іс-шара. Оған Қазақстанмен бірге басқа да ТМД елдерінің әскери контингенттері қатысады деп жоспарланған.