Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мінберге шықты. Сөзінде ол елдегі мемлекеттік тілдің қолданысы, түрлі ұлт өкілдерінің татулығы жайлы бірнеше маңызды мәлімдемелер жасады. Атап өтетін тағы бір дүние – шетелдік ұйымдар жайлы пікір. Тоқаев Қазақстанда шетелден қаржыландыратын, бірақ елге жаны ашымайтын ұйымдар бар екені жайлы айтты. Шын мәнінде солай ма? Елдегі үкіметтік емес ұйымдар қанша өзі? Juzmedia материалында қарап көрдік.
«Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал грант алушы отандастарымыздың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің үйретуімен немесе әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз» – деді Тоқаев сессияда.
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Әуелі, үкіметтік емес ұйым деген ұғымды түсініп алайық. "Үкіметтік емес ұйым" — бұл мемлекеттік құрылымдарға кірмейтін, бірақ қоғамға пайдалы істермен айналысатын ұйым. Ол мемлекеттен тәуелсіз, табыс табу мақсатын көздемейді, қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.
Үкіметтік емес ұйымдардың көбеюі – елдегі азаматтық қоғамның, азаматтық институттардың белсенді жұмыс істеуі дегенді білдіреді. Бұл демократиялы, дамыған елдерге тән көрініс. Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтық қоғам айтарлықтай белсеніп келеді. Бұрын 100-ге жетер-жетпес үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) болса, қазір олардың саны 23 мыңнан асты. Бұл – қоғамда түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге, идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық артқанын білдіреді.
Қазір ең көп ҮЕҰ Алматыда – 5 мыңнан асады. Одан кейін Астана (3 500-ден көп) мен Шымкент (1 500-ден аса) тұр. Қарағанды мен Қызылорда облыстары да белсенді. Үкіметтік емес ұйымдар пайда таппаса, қалай қаржыландырылады. Оның бірнеше жолы бар:
Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар қалай қаржыландырылады?
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) әртүрлі көздерден қаржыландырылады. Бұл – олардың басты ерекшелігі: мемлекеттің емес, түрлі серіктестердің қолдауымен жұмыс істейді. Дегенмен мемлекеттен қаржы алатындар да жоқ емес. Үкімет арнайы грант бөледі. Гранттарды бөлетін орган — Мәдениет және ақпарат министрлігі. Мысалы, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы конкурс жарияланады, ҮЕҰ өтініш беріп, қаржыландыру алады.
Үкіметтен қаржы алмай, тек шетелдік көздерден алатын ұйымдар да бар. Оларға қаржы беретін ең ірі халықаралық ұйымдар төмендегідей:
Бұл ұйымдар әлеуметтік жобаларды, құқық қорғау саласын, экология, гендерлік теңдік пен инклюзияны қолдайды. Жоғарыда президент айтқандай, әшкере болды дейтін халықаралық ұйым – USAID ұйымы. USAID — АҚШ президенті Джон Кеннеди бұйрығымен құрылған ең ірі және ең көне донор ұйымның бірі. 2023 жылы Америка USAID арқылы әртүрлі елдердегі түрлі салаларға деп 72 млрд доллар бөлген. Трамп президенттікке келгеннен кейін осы ұйымға ерекше шүйлікті. АҚШ үкіметі халықаралық көмек көрсету агенттігі USAID-тің қаржылық шығындарын қайта қарастырып, кейбір бағдарламаларды «қауіпті» деп таныды. UASID-тың жүздеген елге бөлген жобаларын толығымен тексерді. Оның ішінде Қазақстан да бар.
АҚШ-тың Шетелдік көмек басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан USAID бағдарламалары аясында АҚШ-тан 15 277 млн доллар (7,8 млрд теңге) көлемінде қаржылай көмек алды. Бұл қаражат келесі салаларға бөлінді:
Денсаулық сақтау – 8, 821 млн доллар (4,5 млрд теңге)
Демократия, адам құқықтары және басқару – 3,78 млн доллар (2 млрд теңге)
Бағдарламалық қолдау – 1, 387 млн доллар (670 млн теңге)
Бейбітшілік және қауіпсіздік – 833,1 мың доллар (460 млн теңге)
Экономикалық даму – 438,2 мың доллар (230 млн теңге)
Гуманитарлық көмек – 22,92 мың доллар(12 млн теңге)
Қоршаған орта және көпсалалы бағдарламаларға мүлдем қаржы бөлінбеген.
Еліміздегі медиаларға арналған Internews тәрізді қорлар дәл осы ұйым арқылы қаржыланады. Олар медиа саласын дамытуға, БАҚ өкілдерін кәсіби оқытуға арналған жобаларды жүзеге асырады. Медиамамандар арасында түрлі байқаулар өткізіп, гранттар береді. Оның ішінде жалған ақпаратпен күрес тақырыбы да бар.
Яғни, USAID болсын немесе басқа шетелдік ұйым болсын, олардың гранттары Қазақстандағы азаматтық қоғам қалыптасуы үшін маңызды жобалар жасайды, қаржы бөледі. Олар тек жеке емесе тіпті мемлекеттік ұйымдарға да қаржы бөледі.
«USAID туберкулезбен күрестен бастап, зейнетақы реформасына дейінгі көптеген ірі бағдарламаларға миллиардтаған қаржы бөлді. Бұл қаржының басым бөлігі тікелей үкіметке бағытталды. Яғни, мемлекет бұл көмектен ҮЕҰ-ға қарағанда мың есе көп пайда көрді. Өкінішке қарай, қазір USAID сайты ашылмай тұр, сондықтан бұрын ашық болған гранттар бойынша мәліметтерді тексеру мүмкін емес. Бірақ мен нақты білемін: USAID бөлген қаржының шамамен 90%-ы – мемлекетке, ал 10%-ы ғана – ҮЕҰ-ға берілген», - деген еді журналистерге берген сұхбатында «ЭХО» қоғамдық қорының жетекшісі Павел Лобачев.
Бірақ үкімет,әсіресе, депутаттар тарапына бұл ұйымға қатысты үлкен сын айтылып жатыр. Депутат Еділ Жаңбыршин тіпті USAID ЛГБТ өкілдерін насихаттауға қаржы бөледі деп айыптады. Осыдан кейін премьер-министр орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықаралық ұйымның Қазақстандағы жұмысы тексерілетінін айтты.
«Қаржыландырылатын жобалар мен бағдарламаларды, олардың мақсаттарын, белгіленген мақсаттардың нақты нәтижелерге сәйкестігін зерделеу бойынша USAID қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізу бөлігінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», – деді ол журналистерге берген жауабында. Яғни, тексеріс жүреді, сондықтан шетелден қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдар елде іріткі салатын жобалар жасады деп кесіп-пішуге асықпау қажет.
Дегенен таяқтың екінші ұшы да бар. USAID немесе басқа ірі халықаралық ұйымның қаржыландырылуы тоқтатса, елдегі үкіметтік емес ұйымдар саны күрт қысқарады. Жүздеген адам жұмыссыз қалуы мүмкін, әлеуметтік саладағы маңызды жобалар тоқтайды, дейді сарапшылар.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.