Қазақстанға келетін импорттық тауарлардың жартысынан көбі – ресейлік өнімдер. Олар неғұрлым елге көп келген сайын біздегі инфляцияны да үдетеді. Бұл туралы Orda Life арнасына берген сұхбатында экономист Бауыржан Ысқақ айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Біздегі ресейлік тауарлардың импорттағы үлесі 55%. Сол импортпен келетін дайын өнім ішіне Ресейде болатын өзгерістер қоса кіреді. Егер ол мемлекетте инфляция жоғары болса, бізде тауарларды сатып ала отырып, сол елдің инфляциясын да қабылдап аламыз», - деп түсіндірді сарапшы.
Бауыржан Ысқақтың сөзіне сенсек, 2025 жылы елдегі азық-түлік бағасы 25 пайызға шарықтаған. Оған өз еліміздегі экономикалық жағдай ғана емес, көршілердің қысымы да әсер етеді.
«Азық-түлік инфляциясының 25 пайызға жетуінің ар жағында Ресейден келетін тауарлар қорының мол болуы, олардың арзан тауарларды бере отырып, отандық кәсіпкерлерге баға демпингін жасау арқылы қысым көрсетуі бар. Көп компаниялар ол қауқарға шыдас бере алмай жатыр. Соның нәтижесінде инфляция болды», - дейді экономист.
Қазір валюта нарығындағы ресейлік рубльдің жағдайы тұрақты. Оның теңгеге шаққандағы бағамы 6 теңгеге жетті. Бұл да біздің экономикамызда ресейлік бизнес үлесінің жоғары болуының себебі дейді Бауыржан Ысқақ. Демек, ресейлік қызмет көрсету мен ресейлік тауарлар бізде көп болған сайын рубль де тұрақты бола түседі. Ал оны төмендеткіміз келсе, отандық кәсіпорындарды, отандық өндірушілер үлесін арттыру қажет.
Ал қазіргі жағдайда ресейлік экономика мен ресейлік рубльдің тұрақты болуы тек уақытша құбылыс дейді.
«Ресей рублінің қазіргі уақытта тұрақты болуын экономикалық өсім не басқа да индикаторлармен байланыстыра алмаймын. Мемлекеттегі экономикалық жүйенің аясы тарылып бара жатыр. Сыртқы санкциялар пакеті азаймады, дамыған мемлекет тарапынан қысым бар. Мұны уақытша фактор деп бағалаймын», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.